Бұл «Оскар» бұрынғыдан өзгерек...

Төрткүл дүниеге әйгілі «Оскар» сыйлығын табыстау биылғы жылы сәуірдің 25-іне түсіп тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

АҚШ-тың кино-өнер академиясының ең жоғары марапаты сонау 1929 жылдан бері жалғасып келеді. Алайда биылғы шара бұрыңғыдан өзгеше болары сөзсіз. Өйткені пандемияға байланысты бірқатар өзгеріс пен шектеулер енгізіледі. Атап айтсақ, биылғы шара әдеттегідей Голливудтағы Долби театрынан емес, Лос-Анджелестің Юнион Стейшн терминалынан басталады. Сонымен қатар көрермендердің саны да шектеулі болмақ. Дәстүрге айналып үлгерген жұлдызды жүргізушілер де биылғы салтанатта болмауы мүмкін. Бірақ бұған дейін биылғы іс-шараның жүргізушілері болып Брэд Питт пен Зендея бекітілгенін хабарлағанбыз.

Нью-Йорк қаласының тұрғыны:

– «Оскар» сыйлығы жыл сайын өзгеріп отырады деп айта аламын. Бірақ қазіргі пандемияның салдарынан биылғы «Оскар» тіпті өзгеше болады. Жалпы, менің ойымша, «Оскардағы» өзгеріс пандемияға ғана емес, жаңа толқынның келуіне де байланысты. Ал кімнің жеңетініне келер болсақ, мен өз басым блокбастерлер мен соғыс жайлы түсірілген туындыларды жақсы көремін. Сол себепті солардың бірі жеңсе екен деймін.

Клои Манго, суретші, Нью-Йорк қаласының тұрғыны:

– Ковид пандемиясы өнер адамдары үшін жақсы сабақ болды деп ойлаймын. Өйткені өнер қоғамдағы дүниелерді көрсете алады. Қазір өнердің қай саласын алсаңыз да барлығы өзгеріп барады. Бір түсінгенім, пандемияның салдарынан өнер адамдары біріге алды. Ұлтқа, дінге бөлінбей, пандемияны жеңуде барлығымыз бірге жұмыс істей алдық.

«2021 жылғы «Оскардың» басты ерекшелігі форматында емес, ұсынылған номинанттарында», – дейді ұйымдастырушылар. Үздік фильм, үздік режиссура, үздік актер мен актриса сияқты бас-аяғы 23 категория бойынша сынға түсетін додада биыл 9 түрлі нәсіл өкілдері (people of colour) бағын сынамақ. Сондай-ақ «Оскар» тарихында ең алғаш рет екі бірдей нәзік жанды ең үздік режиссер номинациясына ұсынылып отыр. Ал қытайлық Клоуи Джаудың «Номадланд» атты туындысы болса ең үздік кинокартина категориясындағы фавориттердің қатарында дегенді алға тартады киносыншылар.