Пәкістанда түйелер шалғай ауылдарға кітап тасиды

Пәкістанда шалғай ауылдардағы балаларға тегін кітап оқуға мүмкіндік беретін жоба жұмыс істейді.

Жас оқырмандар түйенің келгенін асыға күтіп, алақайлап қарсы алады.

Түйелі кітапхана әзірге Белуджистан облысының 4 ауылына барып жүр. Ұйымдастырушылар бір елді мекенде 2-3 сағатқа бөгеледі. Бірнеше аптадан соң қайтып оралып, оқыған кітаптарды жинап алып, орнына жаңасын әкеледі. Былтыр наурызда коронавирус індеті басталғалы Пәкістанда 50 миллионнан астам оқушы мен студент үйге қамалып қалды. Қазір мектептер ашық. Бірақ кітап жетіспейді. Сондықтан жергілікті билік былтыр тамызда басталған «Түйелі кітапхана» жобасының жалғаса бергенін қалайды.

Амбарин Имран, оқушы:

– Суретті кітаптарды жақсы көремін, себебі оларға қарап, кітаптың мазмұнын жақсырақ түсінемін.

Рахима Жалал, «Түйелі кітапхана» жобасының жетекшісі:

– Коронавирус салдарынан барлық мектеп жабылып қалды. Үлкендер де, балалар да әбден күйзелді. Жас ұрпақтың көңілін аулайтын, сергітетін ештеңе қалмады. Кітапты оқуға тегін беріп отырсақ, бұл балалардың сауатын ғана ашпай, сондай-ақ оларды жаман әдетке бой ұрудан сақтайды. Қазір бұл жобамызға ай сайын 117 доллар ақша шығындап отырмыз. Егер демеушілер табылса, ауылдардың санын 40-қа жеткізер едік.