427,15 517.06 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Нью-Делиде ковидтен төрт минут сайын бір науқас көз жұмады

  • 163
  • UPD: 21:04, 26.04.2021

Үндістанда осымен 50 күндей болды тәуліктік өсім артып келеді. Бірақ кейінгі 5 күндегі көрсеткіштер тіптен жаға ұстатарлық. Тәуліктік өсім 300 мыңнан түспей тұр. Мұндай жағдай әлемнің бір де бір елінде тіркелмеген. Сарапшылар осылай жалғаса беретін болса, мамырда тәуліктік көрсеткіш жарты миллионға жететінін топшылап отыр. Онда денсаулық сақтау саласының қандай күйде боларын болжау қиын. Қазірдің өзінде жағдай күрделі. Ауруханаларда науқастарды жатқызатын орын жоқ. Статистика бойынша қазір ел астанасы Нью-Делиде әр 4 минут сайын коронавирустан бір адам көз жұмады екен.

Тушар Маурия, Нью-дели тұрғыны:

- Қазіргі жағдайды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ауруханада орын жоқ. Обалы не керек, дәрігерлер көмегін аямайды. Бірақ олар үлгірмей жатыр. Сондықтан науқастар кезегін күтіп сыртта жатуға мәжбүр. Басқаларға айтарым: егер сізде коронавирус орташа не жеңіл формада өтіп жатса, аурухана маңына жоламай-ақ қойыңыз. Өйткені мұнда келудің өзі қауіпті.

Дәл қазір әлемде тіркеліп жатқан вирус жұқтыру оқиғаларының шамамен жартысы осы Үндістанға тиесілі. Сонда эпидемиологиялық ахуалдың осылай ушығуына не себеп деген сауал туындайды. Ол вирустың қос мутацияға ұшыраған жаңа түрімен байланысты болуы мүмкін. Сондай-ақ тұрғындардың сақтыққа салғырт қарауы да кесірін тигізбей қоймады. Мәселен, наурыздың соңында мұнда Холи мерекесі өтті. Биліктің ескертуіне қарамастан жұрт көп адам болып жиналып, ән айтып, би билеумен әлек болған. Ал жақында шектеу шараларын елемеген миллионға жуық үнді Кумбха мела мейрамына орай  Ганг өзініне түсіп, діни рәсім өткізген.

Қазір ауруханаларда жағдайы ауыр науқастардың тыныс алуы үшін аса қажетті оттегінің өткір тапшылығы туындады. Нью-Делиде бір түнде 25 науқас баллондар жеткенше жан тәсілім еткен. Жақындарының қиналып жатқанын көрген кейбір тұрғындар аурухана қоймасынан баллондарды ұрлап әкеткен жағдайлар да бар. Алайда мамандар мұның ақылға қонымсыз әрекет екенін айтады. Өйткені тұрғындар оттегі баллондарын қолды еткенімен оны қалай қолданатынын білмейді. Енді біреулер бұл құрылғыны қара базардан сатып алуға мәжбүр.

Нью-Дели тұрғыны:

- Менің әкем 70-те. Кеше оған 40 мың рупийге оттегі баллоннын сатып алдым. Қазір ол бос тұр. Ауруханадағы жағдай қалай екен деп келсем, мұнда сұмдық болып жатыр. Не орын, не оттегі жоқ. Қазір баллондарды тіпті қара базардан сатып алудың өзі қиындап кетті.

Арвинд Кеджривал, Нью-Делидің Бас министрі:

- Оттегі жетіспей жатыр. Мәселен, 700 тонна керек болса, біз тек 480 тоннасын ғана алдық. Кеше тағы 10 тоннасы келді. Бірақ сонда да бұл өте аз.

Әлем елдері Үндістанға көмек қолын созуға әзір екенін жеткізді. Олардың қатарында Ұлыбритания, АҚШ пен Германия бар. Британдықтар өкпені жасанды желдету аппараттары мен оттегі баллондарын жөнелтті. АҚШ пен Германия билігі де осындай көмек көрсетпек. Ал Еуроодақ өкілдері де дәрі-дәрмек мен оттегін жібереміз деп отыр.  

Доминик Рааб, Ұлыбритания сыртқы істер министрі:

- Біз барлығы 600 дана өкпені жасанды желдету аппараты, медициналық жабдық пен оттегі концентраторын жібердік. Үнді халқының қазір қандай жағдайда қалғанын көріп отырмыз. Бұл Ұлыбритания көмегінің алғашқы партиясы. Алда тағы да шамамыз келгенше жәрдем беретін боламыз.

Халықаралық көмек келіп жатыр. Жергілікті билікте қол қусырып отырған жоқ. Оттегі өндіретін жарты мыңнан аса станция құрылатынын айтты. Премьер-министр оларды мүмкіндігінше қысқа уақыт ішінде ашуды тапсырды. Одан бөлек сұйық оттегін медициналық емес мақсатта қолдануға тыйым салынды.

Мукеши Пател, зауыт директоры:

- Пандемия кезінде оттегіне деген сұраныс артып кетті. Қазір тіптен жағдай қиын. Сол үшін оттегіні тек медицинада қолданып жатырмыз. Яғни өнеркәсіптік мақсатта пайдалануға рұқсат жоқ.

Коронавирус жұқтырғандардан бөлек бұл елде көз жұмғандар да өте көп. Соңғы 5 күнде 12 мың адам қайтыс болған. Тиісініше крематорийлердің жұмысы қауырт. Салдарынан марқұмдардың денесін көшеде өртеуге тура келеді.

Панкадж Пандей, крематорий қызметкері:

- Коронавирустан көз жұмғандар өте көп. Кеше біздің крематорийге 30 адамның денесі келді. Бүгін тағы 20 марқұм бар.

Джитендер Сингх Шанти, медициналық орталық басшысы:

- Крематорийде орын жоқ. Сондықтан біз марқұмдардың денесін мына жерде өртеуге мәжбүрміз. Мұнда бұрын көлік қоятын орын болған. Биліктен рұқсат алдық. Алайда марқұмдар саны артып барады. Отын тез таусылып жатыр.

Хабар 24 телеарнасы