429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Блумберг агенттігі коронавируспен тиімді күрес жүргізген елдердің үштігін жариялады

  • 126
  • UPD: 21:51, 27.04.2021

Бразилияда биылғы 4 айда коронавирустан көз жұмғандар саны былтырығыдан асып кетті.

Сарапшылар мұны бразилиялық штаммен байланыстырады. Үндістанда да жағдай күннен күнге ушығып барады. Мамандар енді бетпердені тыста ғана емес, үй ішінде де киіп жүруге кеңес берді. Түркияда да жағдай оңалмай тұр. Енді екі күннен кейін мұнда ел бойынша локдаун басталады.

Қатаң локдаун 29 сәуірден 17 мамырға дейін жалғасады. Яғни шамамен 3 аптаға созылады.

Бразилияда коронавирустан қайтыс болу дерегі былтыр наурызда тіркелген. Өткен жылдың 9 айында індет 194949 адамның өмірін қиды. Ал биыл 1 қаңтар-25 сәуір аралығында 195848 бразилиялық көз жұмды. Яғни 4 айдан аз уақыт ішінде кісі өлімі былтырғы 9 айлық көрсеткіштен асып кеткен. Эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауының бірнеше себебі бар. Тұрғындар үкімет індетпен тиімсіз күрес жүргізіп жатқанын айтады. Мәселен, федералдық билік карантин енгіземіз десе, президент оған қарсы болды. Енді мемлекет басшысының коронавируспен күрестегі әрекетін арнайы парламенттік комиссия тексеріп жатыр. Жағдайдың ушығуының тағы бір себебі – вирустың жаңа штамдары. Мәселен, бразилиялық мутация өзге штамдармен салыстырғанда, екі есе тез жұғатын болып шықты. Ғалымдар сондай-ақ ол қайта ауыру қаупін арттырып, вакцинаның тиімділігін төмендетеді дейді. Оның үстіне бразилиялық мутация жастар үшін қауіпті деген болжам бар.

Орео До Кармо Фильхо, дәрігер:

– Мен жансақтау бөлімінде жұмыс істеймін. Тәжірибем 20 жылдан асады. Бірақ қазіргідей жағдайға тап боламын деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмес еді. Бізде жансақтау бөлімінде жатқан науқастарды емдейтін дәрі-дәрмек жетпей жатыр.

Коронавирусқа байланысты әлемдік «антирейтинг» тізімінде Бразилия үшінші, ал Үндістан екінші тұр. Мұндағы ахуалдың ушығуына байланысты билік қызметте жоқ дәрігерлерді де жұмысқа шақырып жатыр. Ал, тұрғындарға бетпердені тіптен үй ішінде де киіп жүруге кеңес берілді. Жағдайдың қаншалықты қауіпті екенін жұрт енді түсінген сыңайлы. Қазір вакциналау орталығында кезек көбейген.

Лэнс Пинто, дәрігер:

– Жағдайдың былай боларын ешкім де білген жоқ. Биыл қаңтарда ауру деңгейі төмендеді. Осыдан кейін біз қиындықтың бәрі артта қалды екен деп қате ойладық. Сөйтсек сұмдықтың бәрі алда екен ғой. Бұл басқа мемлекеттеррге сабақ болатындай жағдай. Денсаулық сақтау жүйесі кез келген қауіп-қатерге дайын болу керек. Ахуалдың жақсаруы үшін не істеу керек десеңіздер, вакциналау қарқынын арттыру қажет дер едім.

Қазір үнді елінде ковид-науқастар үшін қажетті оттегі тапшы. Тыныс алуы тарылып, көшеде жатқан науқастар түсірілген бейнежазбаларды көріп үрейі ұшқан жастар тіпті үйленгенде тойды дәстүрлі киімде емес, қорғаныш қиімімен өткізіп, көпшілікті таңғалдырды.

Түркияда 3 апталық толық локдаун енгізілді. Бұл туралы ел президенті Режеп Тайып Ердоған министрлер кабинеті отырысынан кейін мәлімдеді. Ердоғанның айтуынша, елде бір тәулікте коронавирусқа шалдыққан науқастар санын 5 мыңға дейін азайту керек. Әйтпесе, туризмнен бастап сауда мен білім беруге дейінгі әр сала қиын жағдайда қалуы мүмкін.

Меруерт Қанағат, тілші:

– Түркияда бұл жолы енгізілген карантин талаптары қатаң. 29 сәуір мен 17 мамыр аралығында енгізілетін локдаунда қауіпсіздік сақшыларының рұқсатынсыз, қазақшалап айтсақ құс та ұшпайтын болды. Мәселен, бұған дейін коменданттық сағат режимінде белгілі уақытта азық-түлік дүкендеріне баруға, үй жануарларымен серуенге және бірқатар қызметкерлер жұмыс орнынан алынған «рұқсатхатпен» жүруіне болатын. Алайда мұны кейбір тұрғындар желеулетіп, басқа аудандардан бірақ шығатын. Мысалы, локдаун уақытында сыртта серуендегісі келген халық полиция қызметкеріне қолдарындағы нанды көрсетіп, дүкеннен келе жатқанын айтуы жеткілікті еді. Бұл жолы мұндай сылтау айта алмайсыз. Әрбір дүкеннің алдында қауіпсіздік сақшысы күзетіп, келген азаматтың мекенжайын тексереді. Себебі әр адам үйіне ең жақын жерден ғана сауда жасауға тиіс. Ал коменданттық сағат режимінен босатылған жұмысшылардың әлеуметтік-медициналық сақтандыруы болуы керек. Әйтпесе, оларға берілген «рұқсат ат» жарамсыз деп табылады. Бұған соңғы уақытта тұрғындар арасында бұл анықтамалардың негізсіз көбейіп кетуі себеп.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия республикасының президенті:

- Еуропа қалыпты өмірге орала бастаған уақытта, біздің кері қалмауымыз үшін коронавирусқа шалдыққан науқастар санын 5 мыңға дейін азайтуымыз қажет. Әйтпесе, туризмнен бастап сауда мен білім беруге дейінгі әр сала қиын жағдайда қалуы мүмкін. 29 сәуір сағат 19:00-ден бастап 17 мамыр сағат 05:00-ге дейін толық локдаун енгізіледі. Барлық кеңселер мен жұмыс орындары қашықтан жұмыс істейді. Қалааралық сапарларға тек арнайы рұқсаты барлар шыға алады. Қоғамдық көліктер 50% сыйымдылықпен жұмыс істейді.

Меруерт Қанағат, тілші:

- Жалпы бұл жолғы локдаун осы бейсенбіден басталып, айттан кейін аяқталмақ. Қалааралық сапарларға тек арнайы рұқсаты барлар шыға алады. Бұған дейін қонақ үйлерден орын алып қойғандар сапарлай алатын. Бұл жолы жергілікті билік мұны жарамсыз деп отыр.

Гүлден Йылмаз, жергілікті тұрғын:

- Коменданттық сағат көпке дейін жалғасады деп ойлаймын. Өйткені тәртіпке көнбейтіндер сөйтіп жүре береді. Елдің бір бөлігі үйде отырғанмен, бір бөлігі сыртта жүреді. Дегенмен мұның жақын күндерде аяқталатынына үміттенемін. Үйдегі балаларымыз да шаршады.

Мұстафа Ышык, жергілікті тұрғын:

– Елде коронавирустың көбеюіне сақтықты естен шығарғандардың кінәсі бар. Кейбір саяси партиялардың жиындары өтті. Сонда вирус көптеп тарқады. Мұны жоюдың бірден-бір жолы – толық оқшаулану.

Ішкі істер министрлігінің жариялаған ережесіне сәйкес, 29 сәуір мен 17 мамыр аралығында енгізілетін сақтық шарасынан туристер босатылған. Тек қана саяхаттап келгендер. Туристік орындар мен мұражайлар қызмет көрсетеді. Ал елде ықтияр хатпен өмір сүретін шетел азаматтары локдаун ережелерін сақтауға тиіс. Әйткен жағдайда, тәртіптік жазаға тартылады. Оның көлемі де қомақты. 380 АҚШ доллар көлемінде. Айта кеткен жөн, Түркияда алғашқы коронавирус жұқтырған науқас 10 наурызда тіркелді. Қазірге дейін 4,6 миллион кісі қауіпті дерт жұқтырып, 38 мыңнан астамы көз жұмды. Соңғы тәуліктің өзінде 37 мың адамнан ковид анықталған.

Аталған елдерде эпидемиологиялық ахуал ушығып тұрғаны түсінікті. Ал Блумберг агенттігі коронавируспен ең тиімді күрес жүргізген елдердің тізімін жария етті. Рейтингте бірінші орында бұрын Жаңа Зеландия тұратын. Енді соңғы дерек бойынша індетпен күрестегі ең үздік ел деп Сингапур танылды. Жаңа Зеландия екінші орынға түсіп қалды. Одан бөлек, үздік үштікке Австралия кірді.

Хабар 24 телеарнасы