Германияда 20 млн адам екпенің алғашқы дозасын алған

Германияның 20 миллион азаматы ковидке қарсы вакцинаның кемінде бір дозасын алып үлгерген.

Бұл ел халқының шамамен 24 проценті. Бұдан бөлек, тағы 6 миллион адамның иммундық қорғанышы бар. Сарапшылардың пайымдауынша, бүгінде Германияда ел азаматтарын вакциналау қарқынды жүріп жатыр. 60-тан асқан кісілер, дәрігерлер, мұғалімдер мен полицейлердің бәріне екпе салынуда. Бірақ билік өкілдері маусымнан бастап вакцина егуде қандай да бір топқа басымдық беруді тоқтатпақ екен. Осылайша кез келген адамның ковидке қарсы препаратты салдыруына мүмкіндік берілмек. Германия канцлері Ангела Меркельдің айтуынша, вакцина алған ел азаматтары шетелден оралғанда оқшаулану міндетті емес. Сонымен қатар музейлер мен концерттерге, дүкендер мен шаштаразға бара алады.

Айта кетерлігі, қазір мұнда сұлулық салонына бару үшін коронавирусқа тестілеуден өту қажет.

Ангела Меркель, Германия канцлері:

– Вакцина егуге басымдық берілген топтар маусым айында болмайды. Бірақ бұл осы сәттен бастап кез келген адам вакцина салдыра бастайды дегенді білдірмейді. Екпе алу үшін алдымен оған жазылып, кезекке тұру керек болады.