Қырғызстан мен Тәжікстан әскерилерінің арасында атыс басталды

Қырғызстан мен Тәжікстанның әскерилерінің арасында атыс басталды. Бұл туралы Қырғыз елінің Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі Мемлекеттік комитеттің Шекара қызметі хабарлады.

Айтуынша, оқты тәжік сарбаздары бірінші болып атып, миномет орната бастаған. Қырғыз шекарашылары тәжік әріптестерін қақтығысты тез арада бейбіт реттеуге шақыруда.

Ал Тәжікстанның Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі Мемлекеттік комитеті Қырғызстан әскерін айыптап отыр.

Айта кетейік, Қырғыз-тәжік шекарасындағы қақтығыстан зардап шеккендер саны 16 адамға жетті. Қырғызстанның Баткен облыстық ауруханасына оқ тиіп, жарақат алған 7 кісі түсті.

Елдің Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасаған жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, жарақат алғандардың 1-уі қайтыс болған. Баткен ауданының Көк-Таш ауылының тұрғындары тәжік сарбаздарынан су тарататын бекетте орнатылған видеобақылау камерасын алып тастауды талап еткен. Бірақ екі жақ тіл табыса алмай, бір-бірін тілдеп, тас лақтыра бастаған. Соңы куәгерлердің айтуынша, атысқа және тіпті жарылысқа ұласқан. Қазір Бішкекте Баткен тұрғындарын қолдаған шеру өтіп жатыр. Үкімет үйінің жанына Қырғызстанның оңтүстік аймақтарынан шыққан 500-дей адам жиналды. Олар Тәжікстанға жер бермеуді және жергілікті тұрғындарды шекаралас елдер азаматтарының шабуылынан қорғауды талап етіп жатыр. Әзірге Қырғызстан мен Тәжікстан арасында келіссөз басталған жоқ.

Қырғыз президенті Садыр Жапаров «Фейсбук» парақшасында мәлімдеме жариялады. Онда ол «барлық тұрғындарды, оның ішінде саяси күштер мен ақпарат құралдарын арандатуға берілмей, араздық отын жақпауға» шақырды. Сондай-ақ Жапаров «тәжік бауырларымызбен тіл табысамыз, барлық мәселелерді шешеміз» деп мәлімдеді.