Қырғыз-тәжік шекарасындағы қақтығысты реттеу бойынша жедел штаб құрылды

Қырғызстан премьер-министрі Ұлықбек Мариповтің тапсырмасы бойынша қырғыз-тәжік шекарасындағы қақтығысты реттеу бойынша жедел штаб құрылып, алғашқы отырысы өтті. Сондай-ақ екі елдің Сыртқы істер министрлері бірнеше келіссөз жүргізіп, атысты жақын арада тоқтатып, әскерді қақтығыс аумағынан алып кетуге келісті.

Бұдан басқа қырғыз үкіметінің басшысы Тәжістан премьер-министр Кохир Расулзада ертең Қазан қаласында кездесетіні белгілі болды.

Тәжікстанның Исфара қаласы басшылығының хабарлауынша, осы елдің 3 азаматы қаза тапты.

Қырғыз елінің Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі Мемлекеттік комитеттің мәлімдеуінше, екі жақты қарулы қақтығыстан 20 адам жарақат алған. Бір қырғыз азаматы қаза тапқан.

Баткен ауданы басшысының айтуынша, тәжік әскерилері шекара бойындағы үйлерді өртеген. Тәжікстан мен Қырғызстан жағынан шекара жаққа қосымша әскери күштер тартылуда. Қырғызстан мен Тәжікстанның әскерилерінің арасында атыс басталғаны және қақтығыс аумағынан қауіпсіз жерге 848 адам көшірілгені хабарланды. Бұл туралы Қырғыз елінің Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі Мемлекеттік комитеттің Шекара қызметі мәлімдеді.

Айтуынша, оқты тәжік сарбаздары бірінші болып атып, миномет орната бастаған. Ал Тәжікстанның Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі Мемлекеттік комитеті Қырғызстан әскерін айыптап отыр.