Корея тұрғындары Жапонияның мұхитқа радиоактивті қалдықты төгуіне қарсы шықты

Токиода өтетін Олимпиадаға бойкот жариялау керек. Осындай үндеуді Оңтүстік Корея үкіметіне жергілікті экологиялық ұйымдар жасады. Бұған Жапония министрлер кабинетінің «Фукусима-1» атом электр станциясындағы радиоактивті қалдықтарды Тынық мұхитына төгу туралы шешімі себеп болды. Сеулде және Оңтүстік Кореяның басқа елді мекендерінде бұл шешіммен келіспейтіндер бірнеше күн акция ұйымдастырды. 

Владислав Цой, тілші:

- «Ядролық қалдықты мұхитқа тастаймыз» деген Жапонияға оңтүстік кореялықтардың өкпесі қара қазандай. Әсіресе студенттер қатты наразы. Сеул тұрғындары Жапония елшілігінің жанында күнде наразылық шеруін өткізіп, Фукусима атом электр станциясындағы радиоактивті қалдықты мұхитқа тастауға тыйым салуды талап ететін петицияны дипломаттарға тапсырды. 

Студенттер тобы он үш күн бойы Жапония елшілігінің жанында түнеді. Бірақ жергілікті сарапшылар қоғамдағы үрейді жоққа шығарды. Кореяның ядролық қоғамы хабарлағандай, Жапония барлық қауіпті суды 30-40 жыл емес, бір жыл ішінде шығарса да радиацияның халыққа әсері мардымсыз болып қалады.

Чон Джи Хе, студент:

- Фукусимадан шыққан радиоактивті қалдықтар Кореяға 6-7 ай ішінде жетеді. Нәтижесінде Корея түбегінің айналасындағы теңіз ластанатын болады. Менің ойымша, бұл адамдарға әсер етеді, тіпті өмірімізге қауіпті болады. 

Тхогён тұрғындары да судың ластауына алаңдайды. Бұл қала  Жапонияға жақын жағалауда орналасқан. Жергілікті халықтың пікірінше, Жапония үкіметінің әрекеттері кореялықтар денсаулығына ғана қауіп төндіріп қоймай, ел экономикасына да әсер етуі мүмкін. Шынында да, 2011 жылы Фукусима атом электр станциясындағы апаттан кейін Кореяда балық аулау өнеркәсібінің өнімдерін сату екі есеге азайды.

Ким Чхун И, Корея экологиялық қозғалысы федерациясының бас хатшысы:

- Мұхит бүкіл адамзатқа ортақ мұра. Оларға оны ядролық қалдықтармен ластау құқығын кім берді? Жапония үкіметі өзінің атом электр станциясының радиоактивті суын сұйықтықты өңдеудің жетілдірілген жүйесімен тазартамыз деп мәлімдеді. Бұл судың 70 проценті – ол цезий, стронций және йод сияқты заттар. Олар адам ағзасына қауіпті деңгейден асады. Ол қатерлі ісікке апарып ДНҚ-ға зақым келтіруі мүмкін.

Оңтүстік Корея үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері Жапония үкіметіне мұхитты ластаудың арзан әдісімен айналыспауын талап етті. Яғни ластанған суды ұзақ сақтау немесе резервуарларды кеңейту. Ал Оңтүстік Корея билігіне белсенділер Токио Олимпиадасынан бас тартуға және Жапонияға қарсы Халықаралық теңіз құқығы трибуналына сотқа беруге кеңес берді.

Авторлар: Владислав Цой, Ольга Лян