Шекарадағы қақтығыс: Қырғызстан мен Тәжікстан бірлескен мәлімдеме жариялады

Қырғызстан мен Тәжікстан шекарадағы қақтығысқа қатысты бірлескен мәлімдеме жариялады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құжатқа Тәжікстан Мемлекеттік Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы мен Қырғызстан үкіметінің Баткен облысы бойынша тұрақты уәкілі қол қойған. Тараптар қарулы қақтығысты тоқтатып, жеке құрамдар мен әскери техниканы шекарадан алып кетуге келісті. Жағдайдың шиеленісуіне жол бермеуге уағдаласты. Енді екі елдің құқық қорғау органдары мен атқарушы билік өкілдерінен жұмыс тобын құрады. Олар жоспарды жүзеге асыру мен келіссөздердің жемісті жүруін қамтамасыз етеді.

Айта кетейік, бұған дейін Қырғыз үкіметінің басшысы Ұлықбек Марипов Тәжікстан премьер-министрі Кохир Расулзада 30 сәуірде Қазан қаласында кездесетіні хабарланған. Сарапшылардың айтуынша, қырғыз-тәжікке ортақ шекараның 450-дей шақырымы белгіленбеген. 1980 жылғы екіжақты келісімге сәйкес, тарату бекетіндегі су қорының 37%-ке Қырғызстанға, 63%-і Тәжікстанға тиесілі. Шекараның нақтыланбауы мен суға талас, екі ел арасында осындай қақтығыс тудырып келеді.