429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Джо Байден 100 күн ішінде не бітірді?

  • 78
  • UPD: 09:52, 30.04.2021

Кіші Джозеф Робинетт Байден. АҚШ тарихындағы 46-шы президент қызметіне 20 қаңтар күні кірісті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін Джо Байденнің Мемлекет басшысы атанғанына, міне, 100 күн толып отыр. Осы уақытта Байден не бітірді?

Алғашқы 100 күн жаңа сайланған президенттің қай-қайсысына да қиын да күрделі кезең. Мәселен, Барак Обама осы аралықта 830 миллиард долларға бағаланған экономикалық ынталандыру пакетін қабылдады. Дональд Трамп түрлі мемлекеттік реттеуді тұжыратын 13 жарлық-қарарды бекітіп, 28 заңға қол қойды. Ал Джо Байден қызметіне кіріскен күні-ақ өзіне дейінгі президент қабылдаған шешімдердің күшін жоятын жарлықтар топтамасын жариялады.

АҚШ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының құрамынан шықпай, қаржыландыруды әрі қарай жалғастыратын болды. Мексикамен арадағы қабырға құрылысын тоқтатты. Мұсылман елдерінен келетіндерді қабылдау жұмысын қайта жандандырды. Сондай-ақ коронавирусқа қарсы күресті күшейтуді мықтап қолға алып, ел экономикасына 1,9 триллион доллар көмек бөлді.

Джо Байден, АҚШ президенті:

- 100 күн ішінде коронавирусқа қарсы вакцинаның 100 миллион дозасы болатынына уәде бердім. Біз бұл міндетті асыра орындап, препарат санын 220 миллионнан асырдық. Қазір 65 жастан асқан ел азаматтарының 70%-і екпе алған. Қаңтардан бері қарт кісілер арасындағы өлім-жітім көрсеткіші 80%-ке төмендеді. Бүгінде ересек азаматтардың жартысынан астамы вакцинаның кемі бір дозасын алып үлгерген.

Байден бұрынғы президенттің Париж келісімінен шығу жоспарын да жүзеге асырмайтын болды. Керісінше, алдағы уақытта климаттың өзгеруіне қатысты мәселелерге баса мән беріп, ұйымның жұмысына белсене атсалысатынын ашып айтты.

Стефан Дюжаррик, БҰҰ Бас хатшысының баспасөз хатшысы:

- Бас хатшы президент Байденнің ғаламдық жылынуға қарсы Париж келісіміне қайта қосылуын құптайды. Енді біз климаттық дағдарысқа қарсы күресте Құрама Штаттардан көшбасшылық әрекеттер күтеміз. Әсіресе, 2030 жылға қарай парниктік газдардың ауаға шығарылуын қысқартуға қатысты бастамаларын.

Ал Ауғанстан жағдайында Байден Трамптың ізімен жүруді жөн көрді. Яғни, қыркүйектің бірінде ауған жерінде жүрген америкалық сарбаздар үйлеріне қайтады. 

Джо Байден, АҚШ президенті:

- Мен Құрама Штаттар тарихындағы ең ұзақ соғысты тоқтату туралы шешімге келдім. АҚШ әскерилерінің отанына оралатын кезі келді.

100 күнде Байденнің сыртқы саясатта қандай бағыт ұстанатыны да белгілі болды. Әсіресе, Қытай мен Ресейге қатысты позициясы айқындалды. Байден Бейжің мен Мәскеуді адам құқықтары өрескел бұзылатын мемлекет ретінде сынға алып, санкция салды.

Қалай болғанда да, Байден сыртқы саясатта көпжақтылық пен дипломатияға көбірек бет бұрып, одақтас елдермен арадағы қарым-қатынасты қалпына келтіруге уәде беріп отыр. Солардың ішінде Азия-Тынық мұхит аймағындағы мемлекеттер бар. Түптеп келгенде, америкалықтардың мемлекет басшысының осы аралықта атқарған ісіне көңілдері толатын көрінеді. Вашингтон посттың хабарлауынша, жүргізілген сауалнама бойынша, ел азаматтарының 52%-і Байденнің жұмысын оң бағалайды.

Хабар 24 телеарнасы