Талғар ауданындағы экс-шенеуніктер ісі: сот үкімі әлі шыққан жоқ

Алматы облысы Талғар ауданында жерді заңсыз сатып, мемлекет меншігін талан-таражға салды деп айыпталған аудан әкімдігінің бұрынғы қызметкерлері кінәларын толық мойындады.

Оларға Алматы әуежайының маңындағы жерлерді заңсыз сатқан деген айып тағылуда. Айта кетейік, бұл іс 2019 жылдың соңында Алматы халықаралық әуежайының жанында Bek Air әуе компаниясының жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, 12 адам қаза тапқан соң басталған еді. Бүгінгі сот отырысында прокурор судьядан экс-шенеуніктерді 4-6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Алайда адвокаттар болса, айыпталушылардың мемлекетке келтірген шығынды толық өтегендіктерін, отбасында кәмелет жасына толмаған балаларының бар екенін алға тартып, жазаларын шартты түрге ауыстыруды өтінді. Ал, жауапқа тартылып, қамауға алған риэлтор делдал тағылған айыптармен келіспейтіндігін айтты. Бүгін айыптаушы мен айыпталушылар арасында жарыссөз өтіп жатыр. Сот үкімі әлі шыққан жоқ.