Чехияда сән салондары мен шашатараздар ашылғалы жатыр

Чехияда бір жылға созылған уақыттан кейін сән салондары мен шашатараздар ашылғалы жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ қызмет көрсету саласы жаңа тәртіппен жұмыс істейді. Мысалы, шашатараздар салонға келген адамдардың тест тапсырғанын қадағалап, анықтамаларын зертханаларға жіберіп отыруы керек. Билік елдегі эпидемиологиялық ахуалды осылай бақылап отыруға ниетті.

Чехияда сән салондары, шаштараздар, массаж жасау орталықтары мамырдың 3-інен бастап ашылады. Билік шектеу жеңілдетілген күні індетке дейін қызмет көрсеткен орындардың 20-30%-і жұмысын қайта бастар деген үмітте. Себебі, коронавирустан олардың көбі банкротқа ұшырап жабылып қалған.

Макс Кшиштафович, сән салонының қожайыны:

- Бізді жолы болғандар деп айтуға келмес. Себебі ұзақ уақыттан кейін ашылғанмен жағдай қиын. Қызметкерлерімізге жалақысын төлеп, жалға алу құнын өтей алмай банкротқа ұшыраймыз ба деп алаңдаймыз. Бәрі жазға таман анықтала түсер. Қазірдің өзінде Прагада әрбір үшінші мекеме жабылып қалған.

Ал жаңа тәртіпке сай шаштараздар мен сән салондарына баратын адамдар коронавирусқа қарсы ПТР тест тапсыруы тиіс. Немесе кеселден жазылып шыққаны жайлы дәрігердің анықтамасы болуы керек. Чехтардың өзі жаңа талаптарға наразы. Өйткені тест тапсыруға көп уақыт кетеді, ал анықтама 3 күнге ғана жарайды. Оның үстіне адамдардың көрсеткен ПТР-тест нәтижесін арнайы зертханаларға жіберіп отырылады.

Матис Краус, заңгер:

- Иә бұл өте қолайсыз. Бірақ жағдай осыны талап етіп отыр. Чехияда коронавирустың үш толқыны болды. Себебі адамдар індеттің таралуы бәсеңдеген кезде шектеулерді орындамай вирусты жұқтыру күрт өскен еді. Оның үстіне шаштараздар қандай мәліметтерді жинайтыны әлі толық белгісіз.

Жаңа тәртіпке шаштараздар мен сән салоны иелерінің де көңілдері толмай отыр. Заң бойынша олар тұрғындардан жеке мәліметтерді сұрауға құқысы жоқ. Оның үстіне бақылау күшейтіліп, санитарлық талаптарды Сауда палатасы мен кәсіпкерлік мекеме де тексеріп отыратын болады. Бизнесмендер мұндай шектеулер саланың жандануына тежеу болатынын айтады.

Александр Грэс, Дмитрий Лукша, Павел Невид