Тәжіктер қырғыз ауылының басшысын ұрлап әкетті

Қырғыз-тәжік шекарасында бүгін қайта жанданған атыс тоқтатылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі Мемлекеттік комитет төрағасы Қамчыбек Ташиев бейтарап аумақтағы «Қызыл бел» шекара бекетінде Тәжікстан тарапымен кездесіп, қырғыз әскерін Баткен ауданына, тәжік күштерін шекарадан әрі қарай әкеткен. Қырғызстанның 24.KG ақпарат порталының мәліметіне қарағанда, бүгінгі атыс Арка, Доштык және Жаштык ауылдарында болған. Баткен ауданының Көк-Таш ауылында 17 үй отқа оранған. Тәжіктер Лейлек ауданындағы бір ауылдың басшысын ұрлап әкеткен. Сондай-ақ қырғыз әскерінің 3 сарбазының қаза тапқаны және 20 жауынгердің жараланғаны белгілі болды. 2 сарбаз ауыр халде жатқан көрінеді. Қазір Қырғызстанның Денсаулық сақтау министрі Баткенге бара жатыр. Еске сала кетейік, Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасындағы қарулы қақтығыс 28 сәуірде Баткен ауданының Көк-Таш ауылында суды бөлу бекетінде басталған. Жергілікті тұрғындар Тәжік сарбаздарынан бекеттегі бейнебақылау камерасын алып тастауды талап еткен. Екі жақ тіл табыса алмай бір-біріне тас лақтырып соңы қарулы қақтығысқа ұласады. Сарапшылардың айтуынша, Қырғыз-тәжікке ортақ шекараның 450-дей шақырымы белгіленбеген. 1980 жылғы екіжақты келісімге сәйкес, тарату бекетіндегі су қорының 37%-і Қырғызстанға, 63%-і Тәжікстанға тиесілі. Шекараның нақтыланбауы мен суға талас екі ел арасында осындай қақтығыс тудырып келеді.

Қырғызстан үкіметі баспасөз қызметінің өкілі:

- Қырғыз-тәжік шекарасындағы қақтығыстан зардап шеккендер саны 134 адамға жетті. Өкінішке қарай, олардың 13-і қаза тапты. Арасында 2008 жылғы бала да бар. Жарақаттар әртүрлі. Оқ тиген, сынықтар тиген, жабық сипатта, басы жарылған, миы шайқалған. Оларға қажетті медициналық жедел жәрдем көрсетіліп жатыр. Кеше түнде зардап шеккен 25 адам арнайы ұшақпен Баткеннен Бішкекке жеткізілді.