«СҚ Фармация»: сот ісі жалғасып жатыр

Қорғаныш киімдерін медицина мекемелеріне дер кезінде жеткізбеуі салдарынан нақты қанша дәрігердің зардап шеккенін енді сот анықтамақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін «СК Фармацияның» бұрынғы басшысы Берік Шәріптің үстінен қозғалған сотта деректердің сәйкес келмейтіні анықталды. Бұған дейін прокуратура 2 мыңнан астам дәрігердің ауырғанын айтып келген еді. Ал былтырғы сәуірдің 15-і мен 30-ы аралығында ведомствоға қарасты мекемелердің 27 қызметкері ковид дертіне шалдыққан. Мұны зардап шегуші тарап – Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі келтірді. Оның 12-сі ғана әлеуметтік өтемақыға қол жеткізді. Ал Алматы, Шымкент және Ақтөбе облысында жүргізілген сараптамаға сәйкес, 658 медицина қызметкері коронавирус жұқтырған. Тағы 1 мың 300-ге жуық дәрігердің ауруға ұшырау дерегіне қатысты министрлік өкілі мардымды жауап бере алмады. Сот тергеуі жалғасып жатыр.