Қырғыз-тәжік шекарасындағы қақтығысқа не себеп?

Қырғыз-тәжік шекарасында қайта жанданған атыс тоқтатылды.

Тараптар арадағы шиеленісті реттеу бойынша ортақ жұмыс тобын құруға уағдаласты. Бұл шешімді халықаралық қауымдастық құптап отыр.

Осының алдында Қырғызстанның «24 Кей-Джи» ақпарат порталы шекарада тағы қарулы қақтығыс болғанын хабарлаған болатын. Бірақ бұл мәліметті Тәжістан тарапы жоққа шығарды. Олардың айтуынша, тәжік сарбаздары оқты абайсызда атып жіберген.

Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасындағы қарулы қақтығыс 28 сәуірде Баткен облысының Көк-Таш ауылында суды бөлу бекетінде басталған. Тәжік сарбаздары бекетке бейнебақылау камерасын орнатқан. Алайда жергілікті тұрғындар оны алып тастауды талап еткен. Екі жақ тіл табыса алмай, бір-біріне тас лақтырып, соңы қарулы қақтығысқа ұласады. Сарапшылардың айтуынша, екі елге ортақ шекараның 450-дей шақырымы белгіленбеген. 1980 жылғы екіжақты келісімге сәйкес, бекеттегі су қорының 37 проценті Қырғызстанға, 63 проценті Тәжікстанға тиесілі. Шекараның нақтыланбауы мен суға талас екі ел арасында осындай қақтығыс тудырып келеді.

Владимир Лепехин, ЕАЭО институтының бас директоры:

– Су бөлу бекетіне қатысты қақтығыстар 20 жыл бойы қайталанып келеді. Бұл мәселе үкіметтер деңгейінде шешілуі тиіс. Әйтпесе тұрғындар жанжалдасуын жалғастыра береді. Екі ел шекарасында осындай 20 шақты нүкте бар. Сондықтан проблема халықаралық деңгейде шешілу керек. Мүмкін келіссөздерге бітімгерлер тарту керек шығар.

Өкінішке қарай, қақтығыс қантөгіске әкелді. Тәжікстанның «Азия-Плюс» басылымы 90 адамның жарақат алып, 10-ға жуығының көз жұмғанын хабарлады. Дегенмен Душанбе бұл сандарға қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Ал соңғы ақпарат бойынша Қырғызстанда қаза тапқандар саны 31 адамға жетті. Сондай-ақ қырғыз елінің 120-дан астам азаматы жарақат алған.

Ализа Солтонбекова, Қырғызстан еңбек және әлеуметтік даму вице-министрі:

– Өкінішке қарай, қаза тапқандар арасында 2008 жылғы бала да бар. Жарақаттар әртүрлі. Оқ тиген, сынықтар тиген, басы жарылып, миы шайқалғандар да көп. Оларға қажетті медициналық жедел жәрдем көрсетіліп жатыр.

Қырғызстан мен Тәжікстан шекарадағы қақтығысқа қатысты бірлескен мәлімдеме жариялады. Құжатқа Тәжікстан Мемлекеттік Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы мен Қырғызстан үкіметінің Баткен облысы бойынша тұрақты уәкілі қол қойған. Тараптар атысты тоқтатып, жеке құрамдар мен әскери техниканы шекарадан алып кетуге келісті. Жағдайдың шиеленісуіне жол бермеуге уағдаласты. Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі Мемлекеттік комитет төрағасы Қамчыбек Ташиев бейтарап аумақтағы «Қызыл бел» шекара бекетінде Тәжікстан тарапымен кездескен. Қырғыз әскерін Баткен ауданына, ал тәжік күштерін шекарадан әрі қарай әкеткен.

Камчыбек Ташиев, Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасы:

– Тәжікстан мемлекетінің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Саймумин Ятимовпен бейтарап аумақта кездестік. Кездесу ойдағыдай өтті. Бұйырса, бәрі жақсы болады.

Екі ел шекарасындағы ахуалға шет мемлекет басшылары мен халықаралық ұйымдар да алаңдаушылық білдірді. Алғашқылардың бірі болып еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеме жасады. Мемлекет басшысы екі ел шекарасындағы қарулы қақтығыс жайлы ақпаратты алаңдаушылықпен қабылдағанын және шиеленісті тоқтату туралы екі мемлекеттің уәкілетті өкілдері арасында келіссөздердің басталғанын қолдайтынын жеткізді. Өзбекстан және Ресей басшылары да жанжалды реттеуге көмектесуге әзір екендерін айтты. Арадағы ахуалға алаңдаушылық танытып жатқандар қатарында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Біріккен ұлттар ұйымы мен Еуроодақ та бар.

Жалпы, Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекара бір мың шақырымға жуықтайды. Соның шамамен 450 шақырымы қай елге тиесілі екені нақтыланбаған. Осы ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекет басшыларының кезекті консультативтік кездесуі аясында мұндай шекаралық қақтығыстарды реттеудің тетіктерін қарастыру қажет екендігін айтып отыр. Сондай-ақ Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Тәжістан президенті Эмомали Рахмонмен телефон арқылы сөйлесті. Мемлекет басшылары қырғыз-тәжік шекарасындағы жағдайды тез арада реттеу бойынша іс-шараларды талқылады.