Тәжікстан мен Қырғызстан президенттері мамырда кездеседі

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Тәжістан президенті Эмомали Рахмонмен телефон арқылы сөйлесті.

Мемлекет басшылары шекарадағы жағдайды тез арада бейбіт реттеу жолдарын талқылады және мамыр айының екінші жартысында кездесуге келісті. Бұл туралы Қырғызстан президенті аппараты сайтында хабарланған. Сондай-ақ қырғыз-тәжік мемлекеттік шекарасын белгілеу бойынша екі елдің үкіметтік делегациялары 1 мамырда Қырғызстанның Баткен облысында келіссөздер жүргізеді. Қазан қаласына бара жатқан қырғыз премьер-министрі Ұлықбек Марипов сапарын тоқтатып, Ош қаласына оралды. Тәжікстанның «Азия-Плюс» басылымы 90 адамның жарақат алып, 10-ға жуығының көз жұмғанын хабарлады. Дегенмен Душанбе бұл сандарға қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Ал соңғы ақпарат бойынша, Қырғызстанда қаза тапқандар саны 31 адамға жетті. 120-дан астам азаматы жарақат алған. Қырғыз-тәжік шекарасындағы қарулы қақтығыс 28 сәуірде Баткен ауданының Көк-Таш ауылында суды бөлу бекетінде басталған.