Түркияда 17 күндік локдаун басталды

Түркияда 17 күндік локдаун басталды. Режимнің мақсаты қауіпті індет тарауының алдын алу. Дегенмен, бұл жолғы локдаунды тұрғындар «коронавирус көші» деп атап отыр. Бұған ірі шаһарлардағы көлік кептелісі себеп. Өйткені мегаполис тұрғындары мамырдың жайлы күндерін қамауда емес, демалыс орындары мен ауылдарында өткізгісі келеді.

Меруерт Қанағат, тілші: 

- Санаулы сағаттан кейін 3 апталық локдаун енгізіледі. Сол себепті тұрғындар қажетті тұрмыстық заттар мен айт алдында шаштараздар мен сұлулық орталықтарына кезекте тұр. Мен қазір Анкарадағы шаштараздың біріндемін. Көріп тұрғаныңыздай, келушілердің қарасы қалың. Себебі 20 күн бойы жұрт мұндай жерлерге келе алмаған. 

Йигит Акгүн, шаштараз:

- Локдаунның енгізілетінін бір апта бұрын хабарлағанда жұмысымызды соған орай жоспарлайтын едік. Себебі біздің табысымыз рамазанның екінші жартысында басталады. Айтқа орай халқымыз шаштаразға келеді. Үш күнде үш апталық табысты табу мүмкін емес. 

Эмине Тэрзи, тұрғын:

- 17 күндік карантин және айт алдында мұнда келдік. Себебі арапа күні локдаунға сәйкес келеді. Жұмыстан шығарда келгендіктен соңғы минуттарда жеттім. Коменданттық сағат елімізде соңғы рет енгізіліп отыр деп үміттенемін. 

20 күндік локдаун тұрғындар үшін оңай емес. Әсіресе ауа райы жылып, нағыз сыртқа серуендеп шығатын маусым кезінде бұл қиын болатыны сөзсіз. Сондықтан қала тұрғындары шалғай аудандар мен курорттық жерлерге жаппай көшіп жатыр. Салдарынан қалааралық жолдарда ұзын-сонар кептеліс басталды. Тек бір ғана Ыстамбұлдан шығу үшін бірнеше сағат бойы жолда тұрасыз. 

Меруерт Қанағат, тілші: 

- Локдаун уақытында тек азық-түлік дүкендері ашық. Тіпті кейбір провинцияларда әмбебап супермаркеттердің тек ғана азық-түлік бөлімшелерінің жұмыс істеуіне ғана рұқсат. Сондай-ақ 18 күн бойы елде спирттік ішімдіктердің сатылуына тыйым салынды.

Сердар Дениз, дүкен иесі:

- Дүкендегі күндік табысымыз 2-3 есеге артты. Локдаун енгізіледі дегелі тұрғындарды үрей басты. Бұл жағдай тауарлардың бағасына да әсер етті.

Жошкун Коч, тұрғын:

- Рұқсат хатым жоқ. Дегенмен, үйіме ең жақын дүкенге келдім. Қажетті дүниемді алып, үйге қамаламын.

Меруерт Қанағат, тілші:

- Сондай-ақ мешіттер де толық жұмыс істейді. Тұрғындардың жұма сайын жамағатпен намаз оқуына рұқсат. Бұл жағдай қоғамда түрлі пікірталастарға жол ашты. Бірі, мұны қолдаса, екіншісі елде локдаун уақытында мешіттердің ашық болуына карсы.

Бұл локдаун алдыңғыларға қарағанда қатаң. Әрбір дүкен алдында сізді қауіпсіздік сақшысы күтіп тұрады. Оған мекен-жай туралы анықтаманы көрсетуге міндеттісіз. Мақсат тұрмысқа қажетті затты сылтауратып, басқа жерге баратын кісілерге тосқауыл қою. Бұл күндерде қызметкерлер де мемлекеттік мекемелерінен мөр қойылған арнайы рұқсатты алуы тиіс. 

Меруерт Қанағат, тілші:

- Ал кешкі сағат жетіде Түркияда локдаун басталды. Мен қазір Анкараның қақ ортасындағы даңғылдардың бірінде тұрмын. Тыста жүргендердің дені туристер. Себебі 17 күн бойы жиһангездер бұл режимнен босатылған. Саяхаттап келушілер бұл күндерде Түркияның тұмса табиғатын аралап, тарихи мұражайларға бара алады. Ал қалған мекемелер жабық. 

Автор: Меруерт Қанағат