Орталық Азия елдеріндегі Корея логистикалық компанияларының шығыны өсті

Коронавирус салдарынан Орталық Азия елдерінде жұмыс істейтін Оңтүстік Корея логистикалық компанияларының шығыны өсті.

Сеулде өткен форум кезінде сөз алған Корея халықаралық сауда қауымдастығының вице-президенті Ли Кван Соп солай деді.

Айтуынша, эпидемиологиялық жағдайға байланысты шекаралар жабық болды және бұл жүк контейнерлерін тасымалдауға әсер етті.

Қауымдастықтың мәліметінше, Кореяның Орталық Азия елдерімен саудасы 2019 жылы рекордтық 6 миллиард 720 миллион долларға жетті. Бірақ өткен жылы індетке байланысты сауда айналымы төмендеді.

Ли Кванг Соп Орталық Азиядағы корей компанияларының жұмысын қиындататын бірнеше проблемаларды анықтады. Олар кәсіпкерлерге визаны алу қиындықтары және жергілікті жұмысшыларды жалдау міндеті. Бұл қауымдастық басшысының айтуынша, бизнестің операциялық шығындарын арттырады.

Ли Кван Соп, Корея халықаралық сауда қауымдастығының вице-президенті:

- Келісім-шарттың екі тарабы қабылдаған міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ететін үкіметтің кепілдіктері қажет. Балқаш ЖЭС жобасын іске асыру барысында біз екі елдің экономикалық жүйесінің айырмашылықтарына байланысты проблемаларға тап болдық. Қазақстан үкіметі төлем кепілдігін талап етті, ал корей тарабы Ұлттық ассамблеядан мақұлдау алуы керек болды. Позициялардың айырмашылығына байланысты түсініспеушіліктер болды.