Қырғызстан мен Тәжікстан атысты тоқтату туралы келісімге келді

Қырғызстан мен Тәжікстан шекарада атысты тоқтату туралы келісімге келді.

Бұл туралы Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Қамшыбек Ташиев мәлімдеді. Бұдан бөлек, тараптар шекара маңындағы елді мекендерді бірлесе, патрульдеу туралы уағдаласқаны белгілі болды. Айта кетейік, бүгін Қамшыбек Ташиев өзінің тәжікстандық әріптесі Саймумин Ятимовпен Қырғызстан – Тәжікстан мемлекеттік шекарасы аумағындағы жағдайды реттеу бойынша Баткен облысында келіссөздер өткізген болатын.

Саймумин Ятимов, Тәжікстан ҰҚМК төрағасы:

- Қырғызстан мен Тәжікстанның шекаралас аудандарында болған қайғылы оқиға ешқашан қайталанбауы керек. Біз екі елдің халықтарына бейбітшілік пен достықта өмір сүруге мүмкіндік беруіміз керек. Бүгін екі мемлекет өкілдерінің кездесуінде біз қырғыз және тәжік жерлерінде бейбітшілікті қамтамасыз ету жөніндегі мәселелерді шешу туралы келісімдерге қол жеткіздік.

Қамшыбек Ташиев, Қырғызстан ҰҚМК төрағасы:

- Қырғызстан мен Тәжікстан халқы қиын кезеңді бастан өткерді. Себебі қайғылы жағдай орын алды. Осындай уақытта бізге өзара кездесу өткізу қиын болды, бірақ соған қарамастан, біз екі елдің мемлекет басшыларының тапсырмасы осы іс-шараны ұйымдастырдық. Сөйтіп, атысты толығымен тоқтату, әскерлерді шекарадан әкету туралы шешімге келдік.