Францияда мыңдаған адам локдаунға қарамастан көшеге шықты

Еңбек құқығын қорғауға бағытталған наразылық шарасы елдің барлық ірі қалаларында өтті.

Елдегі еңбек күні санитарлық дағдарыс пен әлеуметтік сақтандыру жүйесіндегі сәтсіз реформадан туған жаппай қысқарту аясында өтуде. Өткен жылдың қорытындысы бойынша елдегі жұмыссыздық деңгейі 1,5 процентке өскен. Оның ішінде жастар мен әйелдердің үлесі көп. Ал сала бойынша ең қиын жағдай қонақ үй мен мейрамхана бизнесі, мәдениет пен туризм секторында қалыптасқан.

Клод Леви, қонақ үй саласы қызметкерлері кәсіподағының өкілі:

- Қазір қонақ үй бизнесі өте ауыр кезеңді бастан өткеріп жатыр. Өйткені санитарлық дағдарысқа байланысты қызметкерлерді қысқарту жоспары жарияланды. Ал біздің кәсіподақ бұған жол бермеуге тырысып жатыр. Себебі үкімет өз мойнына жұмыссыздарға төлемақы беру туралы міндеттемені алып, бизнеске қолдау көрсетті. Алайда Мариотт, Аккор, Хайятт, секілді алып компаниялар қайта құрылымдау шараларын өткізу мақсатында жүздеген жұмысшыны қысқартпақ ниетте.

Николя, Париж қаласы қалалық коммуналдық қызметінің сантехнигі:

- Адамдардың бәрі коммуналды қызметте еңбек етеді. Олар кәріз желілерін жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарымен айналысады, қоқыс шығарады. Біз пандемия өзінің шарықтау шегіне жеткен кезде де жұмыс істедік. Құдықтарға түсіп, вирус толы судан бетперделерді жинадық. Бір сөзбен айтқанда, міндетіміздің бәрін орындадық. Және алдағы уақытта да осылай жалғаса беруі үшін коммуналды қызметті қорғау керек.