Берлинде солшылдар бейбіт шеруді бүлікке айналдырды

Жыл сайын 1 мамырда Германия халқы шеруге шығады. Биыл да солай. Індетке қарамастан тек ел астанасының өзінде 20-ға жуық акция өтті. Солардың ішіндегі ең ауқымдысы велосипед демонстрациясы. 10 мыңнан астам адам қатысқан шеруде бір топ климатты қорғауға шақырса, тағы бір топ нәсілшілдікке қарсылық танытты. Шерушілер арасында жалдамалы пәтер бағасының көтерілуін тоқтатуға шақырғандар мен еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен кәсіподақтар да бар.

Антон, шеруге қатысушы:

- Қала орталығында көлік саны аз болса деймін. Берлинде автокөліксіз-ақ керек жеріңе жетіп алуға болады. Тұрғындарға соны көрсеткіміз келеді. Менің ойымша, азаматтар қоғамдық көлікті көбірек пайдаланса, қаладағы ауа да біршама тазарар еді.

Айри, шеруге қатысушы:

- Азаматтардың осы акцияны әйтеуір өткізгеніне қуаныштымын. Мен әрбір тіршілік иесінің бейбітшілік пен махаббатта өмір сүргенін қалаймын. Мейлі ол адам болсын, мейлі жануар болсын.

Айта кетейік, Берлиндегі митингтердің басым бөлігі бейбіт түрде өтті. Алайда кешке қарай жағдай өзгерді. Солшыл белсенділер қоқыс жәшіктерін өртеп, полицейлерге тас пен шөлмек лақтыра бастады. Тәртіп сақшылары ширыққан жұрттың жолын бөгеп, көнбегендеріне көз жасаурататын газ шашқан.

Ал Гамбургтегі полицейлер алаңнан кетпей, қарсыласқан топқа қарсы суатқыштар қолданды.

Соңғы мәлімет бойынша тек Берлиннің өзінде бас-аяғы 240 адам қамауға алынған. Қақтығыстан зардап шеккендер арасында шерушілер ғана емес, тәртіп сақшылары да бар.