Еуропа елдері шектеу шараларын жеңілдетіп жатыр

Мәселен, Грекияда бүгіннен бастап мейрамханалар мен дәмханалар ашылды.

Коменданттық сағат уақыты қысқарды. Францияда да тамақтану орындары меймандарды қабылдауға дайындалып жатыр. Ал Италияда біраз өңірлер қызылдан сары аймаққа өтті.

Сарапшылар Грекиядағы эпидемиологилық ахуалдың біраз жақсарғанын айтады. Сол себепті бүгіннен бастап тамақтану орындары ашылды. Олар былтыр қарашадан бері келушілерді қабылдамаған еді. Дегенмен қонақ ғимарат ішінде отыра алмайды. Әзірге мейрамхана мен қонақ үйлердің жазғы алаңдары ғана жұмыс істейді. Одан бөлек, бүгіннен бастап түнгі коменданттық сағат уақыты бір сағатқа қысқарады. Тура бір аптадан кейін бастауыш және орта сынып оқушылары мектепке оралады. Ал 14 мамырда Эллада елі шетелдік туристер үшін шекарасын қайта ашуға дайындалып жатыр. 

БЛИЦ:

– Шектеу шараларының жеңілдетіліп жатқаны қандай жақсы. Біз мұны 5 ай күттік. Дүкендер қайта ашылды. Енді олар ешқашан жабылмаса екен.

– Өткен жылы біз үшін қиын кезең болды. Бірақ қазіргі жағдай былтырғыдан жақсы.

– Енді бәрі оңалады деген үміттемін. Өйткені вакцина пайда болды. Мен екпенің бірінші дозасын қабылдап қойдым. Енді жақында екіншісін салдырамын. Соның арқасында туризм қайта жанданса, бәріміздің жағдайымыз жақсарып қалатын еді.

Францияда да бүгіннен бастап шектеу шаралары жеңілдетіліп жатыр. Мәселен, енді ел ішіндегі өңірлер арасында қатынауға қатысты шектеулер алынып тасталды. Сондай-ақ бүгін орта және жоғары сынып оқушылары мектепке қайта оралды. Олар сәуірдің басында онлайн оқуға көшірілген болатын.

Фредерик Менар, 12 жастағы оқушының әкесі:

– Балам үшін, өзім үшін де қуанып отырмын. Өйткені сабаққа онлайн қосылу кезінде қиындықтар болды. Үйде бір ғана компьютер бар. Оған бәріміз таласамыз. Сондықтан әйелім екеуіміз балалар ұйықтағанда ғана компьютерде жұмыс істейтін болдық.

Ал екі аптадан кейін осы Францияда азық-түліктен басқа заттар сататын дүкендер ашылады. Кейбір мәдени орындар қызметін қайта жандандырады. Сонымен қоса мейрамханалар мен дәмханалар да келушілерді қабылдайды.

БЛИЦ

– 19 мамырда тамақтану орындарына қонақтарды қабылдауға рұқсат беріледі дейді. Мейрамхана ішінде отыруға болмайды. Жазғы алаңда ғана тамақтануға рұқсат. Бұл жоқтан жақсы. Адамдар өздері мен өзгелердің денсаулығына жауапкершілікпен қарау керек. Ережені бұзады екен, бірден жазаға тартылуы тиіс. Сонда екінші рет сақтықққа салғырт қарамайды. 

– Жақсы болды. Үйде отырудан жалығып кеттік. Енді жақында достарымызбен бірге сыртта тамақтана аламыз. Ең бастысы тұрғындар сақтық шараларын бұзбаса екен.

Италияда эпидемиологиялық ахуалдың жақсаруына байланысты мәдени нысандар қайта ашылып жатыр. Мәселен, бүкіл әлемге танымал Пиза мұнарасына келушілерді қабылдауға рұқсат берілді. Біраз өңірлер қызыл аймақтан сарыға өтіп жатыр. Алайда ел астанасы Рим маңындағы Сабаудия қаласы керісінше қызыл аймаққа өтті. Өйткені мұнда коронавирус жұқтыру деректері көбейген. Мамандар ол қос мутацияға ұшыраған үндістандық штаммен байланысты болуы мүмкін дейді. Жалпы бұл өңірде 30 мыңға жуық үнді азаматы тұрады. Олар негізінен ауыл шаруашылығы саласында еңбек етеді.

Жұлдыз Атагельдиева