2022 жылы әлемдегі ересек адамдардың басым бөлігіне коронавирусқа қарсы екпе егу үшін шамамен 45 млрд доллар қажет. Бұл туралы Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Гебрейсус хабарлады.
Айтуынша, вакциналау науқанына қарамастан дерт күннен күнге ушығып барады. Статистика бойынша соңғы екі аптада COVID19 індетін жұқтырғандардың саны пандемия басталған кезеңмен салыстырғанда бірнеше есеге артқан. Ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін халықтың басым бөлігіне екпе егу қажет. Ол үшін препараттың өндірісін бірнеше есеге арттыру керек дейді мамандар. Ал бұл қосымша қаржыландыруды талап етеді.
Тедрос Адханом Гебрейесус, ДДСҰ басшысы:
- Келесі айда «Үлкен жетілік» елдерінің көшбасшылары бас қоспақ. Вакцина мәселесіндегі дағдарысты тек экономикалық әл-ауқаты мықты мемлекеттер ғана шеше алады. G7-нің құрамына вакцина өндірісіне жауапты елдер де кіреді. Бүгінде екпенің жетіспеушілігін жою үшін 19 млрд доллар қажет. Ал келесі жылы бұл көрсеткіш 45 млрд долларға жетеді.