424,46 504.55 5.81
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мексикадағы құлаған метро көпірінен қаза тапқандардың саны 24-ке жетті

  • 230
  • UPD: 09:58, 05.05.2021
Мексикадағы құлаған метро көпірінен қаза тапқандардың саны 24-ке жетті

Қазір жарақат алған 70 адам ауруханада ем қабылдап жатыр.

Мамандар мерт болғандардың саны тағы артуы мүмкін дейді. Өйткені қирандылар астында тағы адамдар болуы ықтимал. Көпірдің басқа бөліктерінің қирау қаупі болғандықтан құтқару жұмыстары уақытша тоқтатылды.

Самуэль Дель Агуилья, марқұмның әкесі:

– Бірнеше аурухананы аралап шықтым, бірақ ұлымды таба алмадым. Полиция учаскісіне келгенде баламды қаза тапқандардың ішінен тапты. Ұлымды қайтара алмаймын. Биліктен әділдікті талап етемін.

Мексиканың бұқаралық ақпарат құралдары осыдан бірнеше жыл бұрын құлаған метро көпірі пайдалануға жарамсыз екенін жарыса жазған еді. Жергілікті тұрғындар да шағымданған болатын. Мәселен, 2017 жылы болған жер сілкінісінен кейін көпір жарыла бастаған. Алайда биліктің екі мәрте жүргізген тексеруінен кейін еш ақау табылмады. Енді ел президенті шетелдік сарапшылармен әділ тергеу жүргізуге уәде беріп отыр.

Андрес Мануэль Лопес Обрадор, Мексика президенті:

– Бәрі әділ әрі ашық өтеді. Ештеңені жасырмаймыз. Мексика халқы бар шындықты білетін болады. Тергеу барысын күнде жариялап отырамыз.

Мексикада қайғылы оқиғаға байланысты 3 күн аза тұту деп жарияланды. Естеріңізге салайық, апат мамырдың 3-інде болды. Ел астанасындағы метро көпірі жолаушылар отырған пойызбен бірге құлаған.

Хабар 24 телеарнасы