Британияда вакцинаны үшінші мәрте салу ұсынылмақ

Ұлыбритания билігі күзде 50 жастан асқан тұрғындар үшін коронавирусқа қарсы үшінші вакцинаны алуды ұсынбақ.

The Times басылымының хабарлауынша, бұл Рождество мерекесіне қарай эпидемиологиялық ахуалдың ушықпауы үшін қабылданып отырған шара. Әзірге елдің бас санитар дәрігерінің бақылауымен күзде қолданысқа енгізілетін екі препарат сынақтан өтуде.

Айта кетейік, Біріккен корольдікте Pfizer, AstraZeneca мен Modernа компанияларының препараттары егіліп жатыр. Бүгінде дертке қарсы вакцинаның бірінші дозасын елдің 34 млн 600 мың тұрғыны қабылдады. 67 млн тұрғыны бар Ұлыбритания билігі тағы 8 түрлі вакцинаның 510 млн дозасын сатып алу үшін келісімшартқа отырды.