АҚШ-та вакциналаудың қарқыны бәсеңдей бастады

Елдің ауруларды бақылау және алдын алу орталығының мәліметі бойынша бір тәулікте жеткізілетін вакцинаның дозасы өткен аймен салыстырғанда 32 процентке түскен.

Осылайша тәулігіне жеткізілетін екпенің көлемі 3 миллионнан 2 миллион дозаға дейін түскен. Вакцина алуға деген сұраныстың азаюы бірнеше себептерге байланысты дейді мамандар. Осы орайда бүгін президент Джо Байден елдің вакциналау стратегиясын өзгертуді ұсынып, Ақ үйдің алдағы жоспарымен бөлісті.

Джо Байден, АҚШ президенті:

– Алдағы екі айда біз мынандай үш топқа көңіл аударып, жұмысты күшейтпекпіз. Біріншіден, 12 пен 15 жас аралығындағы балаларға екпе салдыруды рұқсат етуді қолға аламыз. Екіншіден, алыс шалғайда тұрып, тестілеу орталықтарына түрлі себептерге байланысты бара алмай жүрген ересектерге вакцинаны қолжетімді еткіземіз. Үшіншіден, вакцинаның тиімділіге күмәнмен қарап жүргендермен түсіндірме жұмыстарын жүргізуді күшейтеміз.

Байденнің айтуынша, АҚШ-тың тәуелсіздік күні 4 шілдеге дейін ересектердің 70 процентін вакциналау көзделуде. Ол үшін алдағы уақытта мыңдаған мобильді тестілеу орталықтары іске қосылып, тиісті мамандар жұмылдырылмақ.

Естеріңізге салайық, қазіргі кезде америкалықтардың үштен бірі яғни шамамен 100 миллионнан астамы толықтай вакциналанған. Бұл жаппай халықтық иммунитетін қалыптастыру үшін әлі де жеткіліксіз дейді мамандар.   

Ашиш Дха, дәрігер:

– Алдағы уақытта АҚШ-тағы ауырғандардың саны нөлге жетеді деп айта алмаймын. Ол мүмкін емес. Бірақ біздің діттегеніміз – ауырғандардың санын минималды деңгейге жеткізу. Яғни вирустың таралуына барынша тосқауыл қойып, вакцина алуды жалғастыра берсек, алдағы уақытта қалыпты өмірімізге қайтып орала аламыз деген сөз.