Үндістанда оппозиция жалпыұлттық локдаун енгізуді сұрады

Үндістанда жағдай тіптен ушығып кетті. Мұнда кешелі бері яғни бір тәулікте 3780 адам көз жұмды. Күніге 20 миллионнан астамы вирус жұқтырады. Бұған алаңдаған оппозиция жалпыұлттық локдаун енгізуді сұрады. Алайда бұған премьер-министр қарсы. 

Премьер-министр жалпыұлттық локдаун экономика үшін ауыр соққы болатынын айтты. Ол былтырғы жағдайды еске салады. Өткен жылы шектеу шарасы дағдарысқа әкеп соқтырған.

Алайда оппозиция өкілдерінің айтуынша, қазіргі жағдайда тек жалпыұлттық карантин ғана көмектеседі. Вирус өршіп тұрған штат басшылығы үкіметтің рұқсатын күтпестен жергілікті деңгейде шектеу шараларын енгізген. Халықаралық ұйымдар да карантин жариялау дұрыс шешім екенін айтады.

Родерико Офрин, Үндістандағы ДСҰ өкілі:

- Вирус мутацияға ұшырап, өзгеріп жатыр. Бірақ онымен күресу үшін сол бұрынғы әдістерді қолданамыз. Солардың қатарында шектеу шаралары да бар. Үндістанда халық тығыз орналасқан. Сондықтан вирус ошақтары метро секілді орындарда тіркеліп жатыр. 

Өткен аптада тәуліктік өсім 400 мыңнан асып кеткен еді. Қазір бұл сан 350-380 мың шамасында. Дегенмен, мұның өзі де жантүршігерлік көрсеткіш екені түсінікті. Осылайша вирус жұқтыру дерегі 20 миллионнан асып кетті. 222 мыңы көз жұмған. Алайда сарапшылар шындығында бұл сандар әлдеқайда жоғары болуы мүмкін екенін айтады.

Ракеш Саркари, жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі:

- Бүгін 6 шақыртуға бардық. Өкінішке орай, бәрінде науқас көз жұмған. Менің бір жарым жасар қызым бар. Сондықтан отбасымды ауылға жібердім. Бірақ кейбір тұрғындар ештеңеден қорықпайды. Олар үйде отырмайды. Көшеде сенделіп жүреді. Мамандарды тыңдап жатқан жұрт жоқ.

1 мамырдан бастап елде ересек тұрғындардың барлығына вакцина алуға рұқсат берілген. Алайда екпе бәріне жетпей жатыр. Солардың қатарында жергілікті  Эйр Индия әуе компаниясының ұшқыштары да бар. Олар вакцинасыз жұмысқа шықпайтынын айтқан. Компания басшылығы келіссөздер жүргізіп, бәрі осы айдың соңына дейін екпе қабылдауға уәде берді. 

Автор: Жұлдыз Атагельдиева

Сондай-ақ...