Колумбияда ереуілден екпе егу науқаны тоқтатылды

Колумбияда халықтың жаппай ереуілі басылмай тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Толқулардан елдің Денсаулық сақтау министріне аймақтағы екпе егу науқанын тоқтатуға тура келді. Ақпарат көздерінің хабарлауынша, 8-ші күн қатарымен жалғасып келе жатқан наразылық акциялардан 24 адам мерт болды. Тағы шамамен 85 тұрғын із-түзсіз жоғалғандардың қатарында. Тәртіпсіздікке ұласқан ереуілден 306 бейбіт тұрғын мен 540 полиция қызметкері жарақат алды. Жергілікті билік бұл статистика тағы өзгеруі мүмкін деп отыр.

Естеріңізге салайық, Колумбия халқы биліктің экономикалық саясатына наразылық танытып бас көтеріп жатыр. Богота мен елдің бірнеше қаласында тәртіпсіздікке ұласқан шерулер бір аптадан бері басылмай тұр. Толқуларға биліктің өткен айдың ортасында салықты көбейтіп, кей жеңілдіктерді жою туралы заң жобасы түрткі болды.