БҰҰ: Әлемде 155 млн адам аштық зардабын тартуда

Әлемнің 55 елінде 155 миллион адам аштық зардабын тартуда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Былтырғы жылға арналған зерттеуді Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымнының өкілдері жүргізген. Сарапшылар соңғы 5 жылда тамақ таппай қиналған тұрғындар саны 94 миллионға өскенін алға тартады. Аштықтың белең алуына коронавирус індеті мен экономикалық қиындықтардан туындаған дағдарыс себеп болуда. Әсіресе, Буркина-Фасо, Йемен және Оңтүстік Судан тұрғындары үшін бір тілім нан тауып жеу қиынға соққан. Оның ішінде 5 жасқа дейінгі 75 миллион баланың дамуы артта қалған. Олардың 15 миллионнан астамы жүдеп-жадап, тірі өлікке айналған. Азық-түлік тапшылығы жыл сайын ушыға бермек. Себебі мәлімет бойынша 2030 жылға қарай жер шарындағы адам саны 8,5 миллиардқа жетуі мүмкін.

Доминик Буржон, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының өкілі:

- Қысқаша айтқанда, 2020 жыл адамзат тарихындағы ең ауыр жыл болды. Былтыр аштыққа ұшырағандар саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 20 миллион адамға көп тіркелді. Су тасқыны және құрғақшылық сияқты табиғи апаттар да азық-түлік жетіспеушілігін арттырып отыр.