Өзбекстандық гидтер: Пандемия жұмысымызға үлкен кедергі тигізді

Әлем жұрты пандемия кезінде өзінше бейімделіп келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мысалы, Өзбекстанда гид-мамандар амалсыздан өз кәсібін ауыстырды Үкімет тарапынан материалдық көмек болмағандықтан, тіл үйрету курстарында жұмыс істеп жүр. Көбінің тіпті лицензиясы да жоқ екен.

Риат Шони, тілші:

- Өзбекстан астанасында орналасқан Хазрат Имам медресесі. X ғасырда Орталық Азияда ислам дінінің таралуына ықпал еткен ұлы тұлға. Тарихи деректерде Хазрат Имамның арқасында Византия мен мұсылмандар арасында ұзақ жылдар соғыс болмағандығы жазылған екен. Ислам әлемі үшін қасиетті саналатын бұл медресеге қазір келетіндердің қатары азайыпты. «Барлығына кінәлі коронавирус пандемиясы», - дейді жергілікті гидтер.

Аилита Салахутдинова, гид:

- Туризм әлемде болып жатқан жағымсыз жаңалықтарға өте сезімтал әсер етеді. Бірдеңе болып қалса, бітті. Туристер бізге келмейді. Ал пандемия – ол жаһанды жалмады.

30 жылдан астам уақыт бойы гид болып қызмет етіп келе жатқан Аилита Салахутдинова. «пандемия жұмысымызға үлкен кедергі тигізді», дейді. Әлі де салдарын тартып келе жатыр. Айтуынша, көптеген әріптестері нәпақа табу үшін кәсіптерін де ауыстырған. Гид болғандықтан бір емес, бірнеше тілді жетік меңгерген. «Сондықтан өзгелеріне ағылшын, француз, итальян сынды тілдерді үйретумен айналысады», - дейді. Бұл іспен айналысуға көбінің ресми лицензиясы жоқ. Дегенмен, өлместің күнін кешпес үшін жасырын түрде заңсыз әрекеттерге баруға тура келеді екен.

Аилита Салахутдинова, гид:

- Көбі тіпті мүлдем жұмыссыз қалды. Мәселен, Самарқанд, Бұхара, Хиуа қалаларында қонақ үйлер салып, табыс табамын дегендер де болған. Бірақ бұл ғимараттар қазір қаңырап бос тұр. Бізге, гидтерге, Үкімет тарапынан қолдау бар деп айта алмаймын. Ішкі туризмді дамытуға бағытталған шаралары бар шығар бәлкім. Дегенмен, пандемия салдарынан жұмысын жоғалтқандарға материалдық көмек болса дейміз.

Өзбек билігі ішкі туризмді қолдау үшін бірқатар жобаларды қолға алғандығын айтып кету керек. Яғни, Өзбекстан қалаларын аралауды жоспарлаған азаматқа билеттер жеңілдікпен сатылатын болады.

Азиз Абдухакимов, Өзбекстан премьер-министрінің орынбасары:

- Ішкі туризмді дамыту мақсатында бізде қазір 50%-ке дейін субсидия беру қарастырылған. Яғни, ел ішін аралағысы келетін азаматтарға алған билеттерінің жарты құны қайтарылып беріледі. Бұл істің қазір шамалы болсын нәтижесі бар. Сырттан келетін туристердің қатары қазір артып келеді. Пандемияға дейінгі жағдайға қайта оралу үшін елімізде халықтың 40-50%-і екпе жасатуы қажет. Бұл күнде алыста емес деген ойдаймын.

Жалпы қазір Өзбекстанда екпе алғандардың саны 900 мыңға жуықтады. Бұл көрші ел халқының шамамен 3%-і ғана.

Авторлары: Риат Шони, Санжар Шатуляганов