426,99 518.00 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Әлемде тіркелетін әр төртінші өлім нашар экологиямен байланысты

  • 132
  • UPD: 21:05, 06.05.2021

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осылай дейді. Қоршаған ортаның кері әсері әсіресе кедей елдерде қатты байқалып отыр.

Ал неміс ғалымдары жаһандық жылыну салдарынан жыл сайын аллергия маусымы ерте басталып жатқанын айтады.

Мамандар соңғы 30 жылда гүлдеу маусымы 20 күнге ұзарғанын айтады. Бұл аллергиясы бар адамдар үшін жағымсыз жаңалық болып отыр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемдегі кісі өлімінің 23-24 проценті қоршаған ортаның кері әсерімен байланысты екен. Өйткені нашар экология кей ауруларды асқындырып жіберуі мүмкін. Ондай факторлардың қатарында тұтынуға жарамсыз таза ауызсудың жоқтығы, антисанитария, ауаның ластануы, радиация, тұрмыстық шу мен ауыл шаруашылығында қолданылатын химиялық заттар бар. Мамандар қоршаған ортаның кері әсері әсіресе кедей елдерде жасы 5-ке толмаған балалар мен әйелдер арасында қатты байқалып отырғанын айтады. Өйткені бұл мемлекеттерде тамақ дайындау үшін сапасы төмен отын қолданылады. Таза ауызсуға қол жеткізуге қатысты қиындықтар да бар. Ғалымдар 133 ауру мен нашар экология арасында байланыс барын айтады.

Тедрос Адханом Гебрейесус, ДДСҰ басшысы:

– Климаттың өзгеруіне қатысты проблемалар біздің ғаламшарды бүлдіреді. Демек адамдарды да өлтіреді. Өкінішке қарай экологиямен күресте денсаулық сақтау саласындағыдай вакцина ойлап таба алмаймыз. Сондықтан түйткілдерді шешудің басқа жолдарын іздеуіміз керек.

Ал неміс ғалымдары климаттың өзгеруі салдарынан жыл сайын аллергия маусымы ерте басталып жатқанын айтады. Мюнхендік мамандар 1987 жыл мен 2017 жыл арасындағы өсімдіктердің гүлдеу мерзімін салыстырған. Сөйтіп, АҚШ пен Канадада 30 жылда гүлдеу маусымы 20 күнге артқанын байқаған. Мамандар аллергиясы бар адам саны жыл сайын көбейіп жатқанын айтады. Ондай деректер Африка және Азия елдерімен салыстырғанда индустриалды дамыған Еуропа мен Солтүстік Америка мемлекеттерінде көп болып шыққан.

Ал француздар сөзден іске көшіп, климатты қорғауға бағытталған заң жобасын мақұлдады. Оған сәйкес, қылмыстық кодекске «экоцид» атты қылмыстың жаңа түрі кіреді. Бұл қоршаған ортаға ұлттық ауқымда қасақана зиян келтірумен байланысты. Тиісті қылмыс үшін қарастырылған айыппұл көлемі 4 жарым миллион еуроға дейін жетуі мүмкін. Сондай-ақ 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Жаңа заң жобасына сәйкес қысқа қашықтыққа ұшуға тыйым салынады. Әуе сапарларын темір жол тасымалдарымен алмастыру жоспарланып отыр. Заң жобасын парламенттің төменгі палатасы мақұлдады. Енді Сенат мақұлдауы тиіс. Маусымда осы мәселеге қатысты дауыс беру өтеді.    

Барбара Помпили, Франция қоршаған ортаны қорғау министрі:

– Біз қашан да климаттың өзгеруімен және оның салдарымен күресеміз. Қоршаған ортаны сақтап қалу үшін барымызды саламыз. Қабылданғалы жатқан заң жобасы осы бағыттағы жұмысымызды әрі қарай жаңдандыруға жол ашады деп сенеміз. Оның үстіне бұл азаматтардың болашағы үшін қажет.

G7 елдерінің сыртқы істер министрлері де климаттың өзгеруімен күреске қатысты нақты шаралар қабылдауға дайын. Жетілік өкілдері Париж келісімінің орындалуы үшін 2025 жылға дейін жыл сайын 100 миллиард доллар бөлуге келісім берді. Министрлер өзге елдер мен қаржы институттарын климаттың өзгеруімен күреске салынатын қаржыны арттыруға шақырып отыр.

Мамандар жағдайдың расымен күрделі екенін айтады. Қазір әлемдегі әрбір төртінші өлім нашар экологиямен байланысты болса, 30-40 жылдан кейін бұл көрсеткіштер 2 есеге дейін артуы мүмкін екенін болжап отыр. Бүгінгі шолу осындай болды.

Жұлдыз Атагельдиева

Хабар 24 телеарнасы