Ресейде іздестіру отрядының екі мүшесі соғыс кезінде көмілген минадан қаза тапты

Волгоград облысындағы іздестіру отрядының екі мүшесі Отан соғысы кезінде көмілген минаға тап болып мерт болды.

Жарылған минадан 60 жастағы ер адам мен 15 жастағы жасөспірім қаза тапты. Қайғылы оқиға мамырдың 6-сы Волгоград облысы Гарадищенск ауданындағы Самафаловка ауылында болған.

«Память» отрядының мүшелері қазу жұмыстарын осы ауылда жүргізіп жатқан. Оқиға орнына екі медицина бригадасы барды. Алайда ауыр жарақат алған екі адамды да құтқара алмады. 

«Память» отрядының құрамына 12 адам кіреді. Оның төртеуі кәмелет жасқа толмаған. Топ жұмысының аяқталуына аз ғана уақыт қалған еді. Жақын арада барлығы үйлеріне қайтулары керек еді.