COVID-19: АҚШ, Үндістан және Бразилияда ахуал оңалмай тұр

Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны бойынша алғашқы үштікке кіретін АҚШ, Үндістан мен Бразилияда ахуал оңалмай тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үндістанда қайтадан тәуліктік антирекорд. Індет қаупін мойындамаған Бразилия президенті қайтадан коронавирус жұқтырған болуы мүмкін. Ал, америкалық ғалымдар әлемдегі кісі өлімі ресми деректерден екі есе көп екенін айтады.

***

COVID-19: Үндістанда бір тәулікте 414 мың жаңа дерек тіркелді

Үндістанда 22 сәуірде бір күнде вирус жұқтырғандар бойынша әлемдік антирекорд тіркелген еді. Сол уақыттан бері мемлекет өз рекордын жаңартып келеді. Кейінгі тәулікте 414 мыңнан аса жаңа дерек тіркелді. Бір күнде 3915 адам көз жұмды. Премьер-министр жалпыұлттық локдауннан бас тартқаннан кейін әр штат билігі өз бетінше шектеу шараларын енгізіп, індеттің тарауын тежеуге тырысып жатыр. Кей өңірлер екпе жетіспейтінін хабарлайды. Сарапшылар науқанның баяу жүріп жатқанын айтады. Өйткені осы күнге дейін препараттың екі дозасын үнді халқының шамамен 3%-і ғана қабылдаған екен.

Сандип Найар, Респираторлық ауруларды емдеу орталығының директоры:

- Жағдай күннен күнге қиындап барады. Бұрын тестілердің 4-5%-і оң нәтиже көрсететін. Ал қазір кейбір штаттарда ол көрсеткіш 20-25%-ке дейін жетеді. Бәріне коронавирустың жаңа штамы себеп. Ол тез жұғады және салдары ауыр. Бұл мутациямен жастар көп ауыратын болған. Тағы бір айта кетерлігі, қазір індет тек 9-10 күн асқынады. Бұл аса қауіпті кезең саналады. Бұрын олай болмайтын.

***

Бразилияда вакциналау орталығында екпе тапшы

Бразилияда бір күнде вирус жұқтыру оқиғалары 400 мыңдап тіркелмесе де, көрсеткіштер мәз емес. Кейінгі тәулікте 73 мыңнан аса адамның тапсырған тесті оң нәтиже көрсеткен. Латын Америкасындағы бұл елде расталған деректер саны 15 миллионнан асып кетті. Коронавирустың қаупін жете бағаламай келген Бразилия президенті былтыр жазда індет жұқтырған еді. Енді ол «жуырда қайта ауырған болуым мүмкін» дейді. Бұл туралы президент әлеуметтік желіде хабарлаған. Ірі қалалалардағы ауруханаларда оттегі жетіспей жатыр. Ал вакциналау орталығында екпе тапшы. Кейбіреулер препараттың екінші дозасын ала алмай әлек болып жатыр.

Блиц 1:

- Болып жатқан жағдай адам сенгісіз. Біреудің әзілі секілді. Осында вакцинаның екінші дозасын алуға келдім, ештеңе жоқ.

Блиц 1:

- Бұл үкіметтің жауапсыздығы. Біз мұндай жағдайға қалайша жеттік?

***

АҚШ-та індеттен көз жұмғандар саны әлдеқайда көп болуы мүмкін

Ал, АҚШ-та коронавирустан 600 мыңға жуық адам көз жұмған. Бұл ресми дерек. Бірақ өз есебін жүргізген Сиэтл университетінің мамандары «бұл сан 900 мыңнан асып кеткен болуы мүмкін» дейді. Дәл сол ғалымдар бүкіл әлем бойынша коронавирустан 7 миллионға жуық адамның құрбан болғанын айтып отыр. Ресми мәлімет бойынша жер жүзінде індеттен 3 миллион 300 мың адам көз жұмған. 

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Әсем Хасенқызы