Грузиядағы қазақстандық қыздың өлімі: күдікті 8-ден 10 жылға дейін сотталуы мүмкін

Грузияда Қазақстан азаматы Әсел Айтбаеваны өлтірді деген күдікті 8-ден 10 жылға дейін сотталуы мүмкін.

Осы елдің Бас прокуратурасы қамауға алған жергілікті тұрғынға ресми айып тақты. 26 жастағы бойжеткеннің мәйіті 5 мамырда Тбилисидегі бір үйдің терезесі алдынан табылған.

Алдын ала мәлімет бойынша, ол 9-қабаттан құлап, қайтыс болған. Күдікті қызды өлтіремін деп қорқытып, зорлағаны анықталды. Жаны күйзелген бойжеткен өзін өлімге қиған. Тергеу жалғасып жатыр. Қайтыс болған Әсел Айтбаева ол елге туысқаны арқылы жұмыс істеуге барған. Қазақстанның Грузиядағы елшілік консулы қайтыс болған қыздың отбасымен хабарласып отыр. Бұл іс дипломаттарымыздың бақылауында болады. Елдің Сыртқы істер министрлігі марқұмның мәйітін елге жеткізуге көмектеседі.