Түркияда базарлар қайта ашылды

Локдаун уақытында енгізілген өзгеріске түрік фермерлерінің ел көлеміндегі наразылығы себеп.

Өйткені 17 күн бойы шаруалар жеміс-жидек пен көкөністерін сата алмайды. Тауарлардың да мерзімі шектеулі. Сондықтан ішкі істер министрлігі базарлардың жұмысы туралы жаңа ережені бекітті. Жұрт тұрмысқа қажетті заттарды қалай алып жүр? Карантин талаптары қандай?

Меруерт Қанағат, тілші:

- Әр алмасы мен қызанағын мұқият таңдап алатын түрік халқы үшін базарлардың жабылғаны оңайға соқпады. Себебі мұнда келген жұрт әр жеміс-жидегі мен көкөнісін өздері таңдай алады. Әрине, коронавирус басталғалы қолмен емес, көзбен көрсетесіз. Дегенмен қалағаныңды таңдап, өз көзіңмен көрудің орны бөлек. Қазір мен Анкараның ортасындағы халық базарларының біріне келдім. Локдаун кезінде бұл жерлердің жұмысына шектеу қойылған. Алайда шаруалардың наразылығы биліктің карантин режиміне аздап өзгеріс енгізуіне түрткі болды. Себебі сөрелердегі көкөністер 17 күн бойы шыдамайды. Ал фермерлер мен сатушылар күн көруі тиіс.

Али Курт, сатушы:

– Біздің тауарымыз фабрикада өндірілмейді. Бір түймесін басу арқылы тоқтата алмаймыз. Тауықтарымыз күнделікті жұмыртқалайды. Ал оны сату керек. Қазір қоғамдық тамақтану орындары жабық. Кэтрингтер жұмыс жасамайды. Сондықтан базардың ашылуы біздер үшін жақсы болды. Қайта жабылып қалмауы үшін тұрғындарымыздың карантин талаптарын сақтайды деп ойлаймын.

Арзу Шенипек, тұрғын:

– Қазірде экономикалық жағдайымыз жақсы болса да, үнемдеуіміз қажет. Себебі алда не күтіп тұр білмейміз. Базарда тауар көп. Заттың өзін де бағасын да таңдап аласың. Бірақ дүкендерден айырмашылығы жоқ екенінен көзім жетті.

Меруерт Қанағат, тілші:

– Демалыс күндерінде наубайхана, азық-түлік дүкендері мен қасап орындарынан басқа гүл сататын орындар да қызмет көрсетеді. Себебі Түркияда 9 мамыр – Аналар күні. Осыған байланысты гүл сататын жерлер сенбі-жексенбіде сағат 10:00-17:00-ге дейін ашық. Бұл уақытты жіберіп алғандар түнгі 12:00-ге дейін үйлеріне тапсырыс бере алады. Сала қызметкерлері бұл мүмкіндікке дән риза. Себебі бұл мейрам – гүл сатушылары үшін табыс күні.

Мухаррем Жошкун, сатушы:

- 10 күннен бері жабық болдық. Осы жолғы демалыс күндеріне бізде рұқсат шықты. Дегенмен Аналар күні әдеттегідей емес. Дүкенге келуші халық аз. Онлайн саудамыз қызып тұр. Бірақ оның көлемі былтырмен салыстырғанда аз. Күте тұрайық, мүмкін көбейер.

Хасан Бенлиоғлұ, тұрғын:

- Жұбайыма гүл алдым. Анам басқа қалада болғандықтан бұл жолы жібере алмадым. Бағалар қымбат. Тіпті, 6-7 ай бұрын алған бағалар еселенген.

Түркияда толық локдаун 17 мамырға дейін енгізілген. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, шектеу 24 мамырға дейін созылуы мүмкін. 19 мамыр Ататүрікті еске алу және жастар мерекесі. Бұл елде ресми күн. Мамандардың айтуынша, ұлттық мереке сәрсенбіге сәйкес келетін болғандықтан алдағы аптада локдаун енуі мүмкін. Ердоғанның мақсаты – тәуліктік коронавирус жұқтырғандар санын 5 мыңнан асырмау. Дәл қазір бұл көрсеткіш 20 мыңнан жоғары. Ал 9 күнде 15 мыңға төмендету мүмкін бе әлде жоқ па оны уақыт көрсетеді. Кешеден бастап супермаркеттерде азық-түлік пен тазалық құралдарынан басқа тауарларды сатуға тыйым салынды.

Меруерт Қанағат, тілші:

– Түркияда 25% ұжымдық иммунитет қалыптасыпты. Бұл туралы коронавирус жөніндегі ғылыми кеңестің мүшесі Мустафа Нежми Илхан мәлімдеді. Ғалымның айтуынша, бұл көрсеткішке ел 10 миллионнан астам тұрғынға екпе егу мен 5 миллионға жуық кісі қауіпті індетпен ауырып шыққаннан кейін қол жеткізіп отыр. Ал жергілікті басылымдар елде 1 маусым мен 1 шілде аралығында «қалыпты өмірге оралу» үрдісі басталатынын жариялады. Бірінші кезеңде қоғамдық тамақтану орындары ашық аспан астында жұмыс істей бастайды. Екінші кезеңде демалыс күндеріне арналған коменданттық сағат алынады. Соңғы кезеңде барлық мекендер толық жұмыс кестесіне көшеді. Аталған жоспар алдағы уақытта министрлер кабинеті отырысынан кейін белгілі болады.

Меруерт Қанағат

Сондай-ақ...