Франция мектептерінің асханасына етсіз тағамдар мәзірі енгізіледі

Францияда қабылданған климаттың өзгеруі мен жаһандық жылынуды тоқтатуға бағытталған жаңа заң жобасы халықтың жаппай наразылығын тудырды. «Экологиялық нормаларды қатаңдату керек» деген талаппен 100 мыңнан астам адам Париж бен елдің өзге шаһарларының көшелеріне ереуілге шықты.

Осыдан бірнеше күн бұрын Францияның Ұлттық Ассамблеясы климатқа қатысты жаңа заң жобасын қабылдады. Енді бір айдан кейін құжат Сенатта қаралуы тиіс.

Жаңа заңға сәйкес, ел ішіндегі әуе рейстердің саны қысқарып, әуежай санының артуына тыйым салынады. Жарнамаларға да қатысты өзгертулер бар. Ал мектептерде вегетариандық мәзір енгізілмек. Сонымен қатар құжатта табиғатқа қарсы қылмысты түсіндіретін «экоцид» деген жаңа ұғым пайда болды. Бұл өзгертулер экобелсенділер көңілінен шықпай тұр.

Айтуынша, экологиялық апаттардың алдын алуы үшін тиісті талаптар әлдеқайда қатаңдатылуы керек. Жиналғандар президент Макронның климатты қорғауға байланысты уәде еткен референдумын өткізуді талап етіп отыр. Сондай-ақ Үкіметтен ядролық энергетикадан бас тартып, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпте көгалдандыру жұмыстарын арттыру керек деген пікірде.

Айта кетейік, Франция 2030 жылға дейін ауаға парниктік газдың бөлінуін 40 процентке дейін қысқартуды мақсат еткен болатын.

Жан-Франсуа Жюлья, «Greenpeace France» ұйымының директоры:

- Ұлттық Ассамблея қабылдаған жаңа заң жобасы климаттың өзгеруіне қатысты алға қойған мақсатымызға қол жеткізу үшін пайдасын тигізбейді. Онымен климаттық дағдарысты еңсере алмаймыз. Мәселенің шешімін таба алмай отырған Үкімет пен депутаттарға наразымыз. Жақын арада климаттың өзгеруімен күресу үшін тиісті шараларды бастап кетеміз деп үміттеніп едік.