Кипр билігі екпе салдырған туристерді карантиннен босатты

Кипр билігі коронавирусқа қарсы екпе салдырған шетелдік демалушылар үшін шектеу шараларын жеңілдетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгіннен бастап ондай туристер карантиннен босатылады. Сондай-ақ бұл азаматтардан елге кіргенде ПТР-тест талап етілмейді. Одан бөлек, бүгіннен бастап Кипрде жергілікті тұрғындар үшін қатаң карантин алынды. Бірақ оның орнына «Коронапасс» атты рұқсат қағазы енгізілді. Жасы 12-ден асқан жергілікті тұрғындар оны қоғамдық орында көрсетеді. Рұқсат қағазының иесі коронавирусқа қарсы вакцинаның ең болмағанда бір дозасын алуға тиіс. Немесе соңғы жарты жыл ішінде коронавируспен ауырып шыққанын растайтын анықтама көрсету керек. Не болмаса өзімен бірге тесттің теріс нәтижесін алып жүруге міндеттеледі. Алайда соңғы анықтама тек 72 сағат ішінде ғана жарамды.