Өзбекстанда Сардоба ісіне байланысты 17 адам сотталды

Өзбекстанда былтыр мамыр айында Сардоба су бөгетінің жарылу оқиғасына байланысты 17 адам сотталды.

Айыпталушылар 3-тен 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, оларға ірі көлемде айыппұл салынды. Ең ауыр жаза «Узтемир-юл-курилиш-монтаж» ұлттық компаниясының бас директоры болған Холматовқа кесілген. Ол ұрлық жасап, мүлікті талан таражға салды және қауіпсіздікке салғырт қарап адам өліміне себепші болды деп айыпталып, түрмеге 10 жылға тоғытылды. Сондай-ақ 4 адам 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Еске сала кетейік, былтыр мамырдың 1-де Өзбекстандағы Сардоба су бөгеті жарылып, қоймадан аққан су Өзбекстандағы елді мекендермен бірге Түркістан облысындағы бірнеше ауылды басып қалған еді. Жүздеген адам зардап шегіп, мыңдаған тұрғын эвакуацияланған болатын.