Колумбияда үкімет пен шерушілер келіссөзі нәтижесіз аяқталды

Колумбияда үкімет пен наразылық шерулерін ұйымдастырушы Ұлттық ереуіл комитеті арасында келіссөз нәтижесіз аяқталды.

Осыған байланысты шерушілер қарсылық акциясын жалғастыратын болды. Себебі билік полицияның шерушілерге күш қолдануын айыптамаған. Ал үкімет болса келіссөзді жалғастыруға ниетті екенін айтады.

Еске сала кетейік, Колумбияда өткен айдың соңынан бері толқулар басылмай тұр. Оған үкіметтің салық реформасы туралы заң жобасы түрткі болды. Осыдан кейін елде жаппай шерулер жүріп, полициямен қақтығыстар болды. 26 адам қаза тауып, 900-ге жуық кісі жарақат алды.

Джованни Юле, жергілікті тұрғын:

– Біз биліктен құқықтарымызды сақтауды сұраймыз. Президенттің ұсынып жатқан реформалары ірі банктер мен халықаралық экономикалық бірлестіктерді қолдауға арналған. Ал салықтық ауыртпалықты қарапайым халықтың есебінен шешуді көздеп отыр.