Татарстанда 12 мамыр қаралы күн деп жарияланды

Татарстан президенті Рустам Минниханов бүгін мектептегі атысқа байланысты мамырдың 12-сін қаралы күн деп жариялады.

Қазір Қазан қаласында контртеррористік операциялар режимі орнаған. Білім беру мекемелерінің барлығында қауіпсіздік шаралары күшейтілді.

Татарстанның мемлекет басшысы баспасөз қызметі таратқан соңғы ақпаратқа сәйкес, номері 175-мектептегі атыс салдарынан 7 бала бақилық болған. Тағы 16 кісі жарақат алған.

Жергілікті денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, қазір 6 бала жансақтау бөлімінде жатыр. Ал жалпы қаза тапқандар туралы нақты мәлімет әзірге белгісіз. Бұған дейін ресейлік ақпарат көздері 11 адамның көз жұмып, 30 азаматтың зардап шеккені жайлы хабар таратқан болатын.

Рустам Минниханов, Татарстан Президенті:

- Лаңкес қолға түсті. Тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Жапа шеккендерге қолдан келген көмектің барлығы көрсетіледі. Бұл біздің республика үшін мемлекетімз үшін үлкен қайғы.  

Анықталғандай, мектепке шабуыл жасаған адам дәл осы мектептің түлегі Ильназ Галявиев есімді 19 жастағы жасөспірім болып шықты. Қазір Қазандағы университеттердің бірінде 4-курста оқиды. Бұдан бөлек ол жуырда телеграм әлеуметтік желісінде арна ашып, адам өлтірумен байланысты бірнеше жазба жариялаған. Бастапқыда мектепте атыс шығарғандар саны екеу деп айтылып келген еді. Бірақ Татарстанның ішкі істер министрлігі бұл мәліметті жоққа шығарды.

Елдегі жағдайға байланысты Ресейдің төтенше жағдайлар министрлігінің ұшағы Қазан қаласына ұшып шықты. Оның бортында атыстан зардап шеккендерге көмек көрсететін дәрігерлер мен психологтар бар.