Қазанда қырғын салған қылмыскердің есімін жария етпеу ұсынылды

Татарстан астанасы Қазандағы гимназиялардың бірінде жантүршігерлік оқиға болды. Қолына қару алған жас жігіт мектепке басып кіріп, жағалай оқ атқан. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, қаскөйді қарауыл мен еден жуушы тоқтатпақ болған. Алайда бұл әрекеттерінен түк шықпады. Бұл уақытта ғимаратта 700-ден астам оқушы және 70-ке жуық мұғалім мен қызметкерлер болған. Дүрбелең туғанда тіпті жеткіншектердің бірі мектептің үшінші қабатынан секіріп кеткен. Мұны куәгерлер видеоға түсіріп алған.

Оқиға орнына күштік құрылым өкілдері келіп, ғимаратты қоршауға алды. Оқушылар, мұғалімдер мен қызметкерлер таяу маңдағы балабақшаға эвакуацияланған. Қаскөйдің өзі көп ұзамай тұтқындалды. Ол 19 жастағы Ильназ Галявиев. Жас жігіт бұрын осы гимназияда оқыған екен. Қазір Қазандағы университеттердің бірінің 4-курс студенті.

Алайда Вести.ру сайтының хабарлауынша, академиялық қарызына байланысты ол жақында ғана жоғарғы оқу орнынан шығарылған. Күдіктіні бұл әрекетке нақты не итермелегені әзірге белгісіз. Кеше ол Телеграм-канал ашып, онда жаппай кісі өлтіру туралы жазба қалдырған екен. Енді жас жігітке психология-психиатриялық сараптама тағайындалған. Желіде одан тергеу изоляторында жауап алынып жатқан сәті жарияланды.

Екі апта бұрын ғана ол қару сақтауға рұқсат алған екен. Бұл ақпаратты оқиға орнына келген Татарстан президенті де растады.   

Рустам Минниханов, Татарстан президенті:

- Лаңкес қолға түсті. Тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Жапа шеккендерге қолдан келген көмектің барлығы көрсетіледі. Бұл біздің республика үшін, мемлекетімз үшін зор қайғы. 

Соңғы дерек бойынша мектептегі бұл оқиға кезінде 9 адам көз жұмған. Жетеуі оқушы, біреуі мұғалім. Марқұмдар арасында тағы бір әйел бар. Қайтыс болған балалардың барлығы 8-сынып оқушылары. Төртеуі ұл, үшеуі қыз бала. Президенттің тапсыруымен марқұмдардың отбасыларына бір миллион рубльден төленеді. Жергілікті ауруханаларға 20-дан астам адам жеткізілген. Бірнеше науқас ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр.

Ауруханаға 18 бала жеткізілді. Алтауы ауыр халде жатыр. Олар көп қан жоғалтқан. Біз қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз. Дәрі-дәрмек пен қан қоры жеткілікті. Науқастарға қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр.  

Тергеу комитеті жаппай кісі өлтіру туралы қылмыстық іс қозғады. Ресей президенті қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтты. 

Дана Нұржан, тілші:

- Біз қазір Мәскеудегі Татарстан өкілеттігінің жанында тұрмыз. Мұнда келіп, гүл қойып жатқандар бар. Көңіл айту кітабы да тұр. Қайғылы оқиғадан кейін ресми Мәскеу Қазанға төтенше жағдайлар министрлігінің арнайы бортын жөнелтті. Онда дәрігерлер мен психологтар бар. Сондай-ақ президенттің тапсыруымен оқиға орнына ағарту министрі мен денсаулық сақтау министрі де аттанды.

- Бұл оқиғадан кейін қару айналымына қатысты заңға өзгерту енгізу мәселесі көтерілді. Осы жайлы нақты мәлімдемелер жасалды ма?    

Дана Нұржан, тілші:

- Иә, президент азаматтық қару айналымы ережелерін күшейтуді тапсырды. Ал қоғам қайраткерлері мұндай оқиғаға қатысқан қаскөйлердің есімдерін жария етпеуді ұсынып отыр. Бұл жасөспірімдердің оларға еліктемеуі үшін қажет екенін айтады. Ресейлік сенаторлар компьютер ойындарына қатысты бақылауды күшейту қажет дейді. Ал қоғамдық палата әлеуметтік желіде жарияланатын контент үшін жауапкершілікті қатаңдату керек екенін айтады. Өйткені Қазандағы шабуылдың алдында қаскөйдің телеграм канал ашып, онда өз жоспарымен бөліскені белгілі.

Жантүршігерлік осы оқиғадан кейін Татарстан билігі қару иелерінің барлығы кешенді тексеруден өтетінін айтты. Ал Мәскеу мектептеріндегі күзет компаниялары арасында қосымша шара жүргізіледі. Сондай-ақ білім беру мекемелерінде дабыл батырмасының қалай жұмыс істейтіні және эвакуацияға арналған есіктердің қалай қолданылатыны тексеріледі. Сөйтіп, мектептерде қауіпсіздік шаралары барынша күшейтілетін болды.