Қазандағы атысқа дейін адамдар қаруланған жігіттің көше кезіп жүргенін көрген

Татарстанда ертең аза тұту күні. Қазан қаласындағы гимназияда болған атыста ресми ақпарат бойынша 9 адам көз жұмып, 21-і жараланған. Марқұмдардың көбі бала.

Қазір оқиға болған жерге халық жиылып, гүл қойып кетіп жатыр.

Бұл номері 175-мектепте ағылшын тілі пәнінен сабақ беретін мұғалім Эльвира Игнатьева. Өкінішке орай, бүгін ол мектептегі атыс кезінде 19 жастағы Ильназ Галявиевтің қолынан қаза тапты. Білім ордасына жасалған шабуылға дейін бірнеше адам қолына қару алған жас жігіттің қала көшелерін кезіп жүргенін көріпті. Бірақ ешкім оны тоқтатпаған. 

Мектепке басып кіріп, жұртқа жағалай оқ атпастан бұрын Ильназ телеграм-канал ашып, жаппай кісі өлтіру туралы жазба жариялаған. Өзін «Құдай» санап, қаптап кеткен биологиялық қоқыстан арылуға ниетті екенін жеткізеді. Өз кезегінде Ильназ білім алған университеттің ректоры студенттің оғаш қылығы болмағанын айтады.

Равиль Ахметшин, Татарстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары - Татарстанның Ресей Федерациясындағы өкілетті өкілі:

- Жоғарғы оқу орнындағылар оның ешкіммен ісі жоқ, момын екенін һәм жалқау болғанын айтады. Оқу үлгірімі де нашар екен. Сабақтарға қатыспай, емтихандардан құлапты. Көршілерінің айтуынша, ешкіммен амандаспай, өз жолымен тып-тыныш жүре беретін адам болған. Ешкім оның қызбалыққа салынған кезін байқамапты.

Ішкі істер министрлігінің дерегі бойынша мектептегі атысты қаскүнемнің жалғыз өзі ұйымдастырған. Полицейлерге де өз еркімен беріліпті. Қазір ол тергеу изоляторында.

Рустам Минниханов, Татарстан Президенті:

- Лаңкес қолға түсті. Тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Жапа шеккендерге қолдан келген көмектің барлығы көрсетіледі. Бұл біздің республика үшін, мемлекетімз үшін үлкен қайғы.

Президенттің тапсыруымен марқұмдардың отбасына бір миллион рубльден берілетін болды. Қазір 20-дан аса адам ауруханада жатыр. Бірнешеуі жансақтау бөлімінде. Шабуылдан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін Қазандағы қан тапсыру орталығына жиналғандар санында шек жоқ. Мәскеудегі Татарстан өкілдігінің ғимаратына гүл шоқтарын қойып жатқандардың қарасы да қалың.

- Мен ивантеевкалықпын. Бірнеше жыл бұрын менің туған қаламда да осындай жағдай болды. Сол кезде қиын кезге тап болған жігіттерді өз көзіммен көрдім. Сондықтан оның қаншалықты қиын және ауыр екенін жақсы түсінемін.

Жантүршігерлік осы оқиғадан кейін президент азаматтық қару айналымы ережелерін күшейтуді тапсырды. Ал қоғам қайраткерлері мұндай оқиғаға қатысқан қаскөйлердің есімдерін жария етпеуді ұсынды. Бұл жасөспірімдердің оларға еліктемеуі үшін қажет дейді олар. Өз кезегінде ресейлік сенаторлар компьютер ойындарына қатысты бақылауды күшейту қажет екенін айтады. Қоғамдық палата болса, әлеуметтік желіде жарияланатын контент үшін жауапкершілікті қатаңдату керек деген пікірде. Қалай болғанда да қазір бүкіл Ресей бойынша мектептердегі қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Жаппай адам өлтіру бойынша қылмыстық іс қозғалды.