Қытайда күн сайын 6,5 миллионға жуық адам вакцина салдырады

Осы күнге дейін тұрғындардың 330 миллионнан астамы екпе алды.

Сарапшылардың айтуынша, бұл көрсеткіш ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін жеткіліксіз. Сол себепті ел билігі вакциналау қарқынын одан әрі үдетті.

Бейжіңде вакциналау науқаны қарқынды жүріп жатыр. Қытай билігі келер жылдың шілдесіне дейін коронавирусқа қарсы халықтың 80 процентін вакциналауға ниетті. Елде күн сайын жаңа екпе егу пункттері ашылып жатыр. Қаланың әр ауданында ашылған осындай нысандардың жалпы саны 50 мыңға жуық.

У Цзунью, Қытай елінің ауруларды қадағалау және алдын алу орталығының бас эпидемиологы:

- Коронавирусқа қарсы екпе салғызған адамдар да бетперде тағып жүруі керек. Вакциналау деңгейі неғұрлым жоғары болса, иммундық барьер соғұрлым күштірек болады. Ұжымдық иммунитетке жеттік деуге әлі ерте.

Бүгінде Қытайдың фармацевтика индустриясы Индонезия, Бразилия, Біріккен Араб Әмірліктері, Малайзия, Пәкістан және Түркиямен бірігіп вакцина өндіріп жатыр. Ел үкіметі 80-нен астам мемлекетке гуманитарлық көмек ретінде екпе жіберген. Ал жергілікті вакциналардың бірі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының төтенше жағдайда қолданылатын препараттар тізіміне енгізілген.

Хуа Чуньин, Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:

- Қытай дамушы елдерді препараттармен қамтамасыз ету үшін халықаралық қауымдастықпен ынтымақтастықты жалғастырады. Біз халықаралық COVAX механизміне коронавирусқа қарсы 10 млн доза вакцина ұсынамыз. Осы мәселе бойынша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен жұмыс істейміз.

Айта кетерлігі, Қытайда тұрғындардың басым топтарын вакциналау былтыр желтоқсанда басталған.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, Бейжіңде 18 жастан асқан адамдардың 77 проценті екпе алған. Осы уақытқа дейін вакцинаның бір дозасын 15 миллион тұрғын ектірген болса, екі дозасын қабылдағандардың саны 11 жарым миллионға жетті.

Автор: Ботагөз Сырғабаева