Бейжіңдегі ауа сапасы нашарлап кетті

Соңғы екі айда Қытай астанасы мен елдің солтүстік аймақтарында 5 рет құмды боран соқты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Салдарынан Бейжіңдегі ауа сапасы нашарлап, тұрғындардың денсаулығына үлкен зақым келді. Жалпы бұл қалада 2013 жылы ауа ластанған жағдайда шұғыл әрекет ету жоспары қабылданған болатын.

Ернат Мелсұлы, тілші:

- Жұмыс бірден бірнеше бағыт бойынша қолға алынды. Соңғы 8 жылда көмір жағу 10 есе қысқарған. Ауаға улы газ тарататын 1 миллионнан астам ескі көлік жойылды. Жергілікті билік экологиялық таза көлік алғандарға жеңілдіктер қарастырды.

Сюй Сянчао, Бейжің қаласы экология басқармасы бөлім басшысының орынбасары:

- 2020 жылдың аяғына қарай жаңа энергия көздерімен жүретін көліктер саны 400 мыңға жетті. Зиянды қалдық шығаратындарға талап күшейді. Қазір көліктердің 60%-тен астамы стандартқа сәйкес келеді. Кәсіпорындарды да қадағалаймыз. Соңғы жылдары 2 мыңнан астам зиянды қалдық шығаратын фабриканы жаптық. Қалғандарын оңтайландырып жатырмыз. Ауаны шаңмен ластайтын құрылыс жұмыстарын да бақылауда ұстаймыз.

Ауа сапасы нашарлағанда шұғыл әрекет ету тетігі іске қосылады. Ол «сары», «қызғылт сары» және «қызыл» деп 3 деңгейге бөлінеді. Бірінші кезекте сыртқы құрылыс жұмыстары тоқтатылады, арнайы тізімде тұрған өнеркәсіптік өндіріс орындарын қысқартады немесе уақытша тоқтатады. Комиссия тексеріс жүргізеді. Жұмыс онлайн орындалады. Сағат сайын жаңаратын мәліметтерді 2 экраннан көруге болады.

Ли Юнтин, Бейжің қаласы экологияға мониторинг жасау орталығының бөлім басшысы:

- Қазір қалада 35 мониторинг станциясы бар. Бұдан басқа, біз мыңнан астам шағын хабар бергіш орнаттық. Олар әр көшедегі ауаның сапасын толығымен қадағалайды. Бұлардың бағасы үлкен станцияларға қарағанда арзан және қолдануға ыңғайлы. Сондай-ақ ауадағы бөлшектер мен озонның құрамын, көлемін анықтауға көмектесетін кешенді жүйе де жұмыс істейді. Бұл мәліметтердің барлығы бізге Бейжіңдегі ауа сапасын дұрыс және уақытылы қадағалауға көмектеседі.

Бейжіңдегі ауаның сапасы былтыр біршама нашарлаған. Өткен жылы таза ауа 276 күн бойы сақталған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 10%-ке көп. Десе де, аталған көрсеткіш Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен нормадан 3 есе жоғары.

Авторлары: Ернат Мелсұлы, Ботагөз Сырғабаева