Омбудсмен Қазандағы тоғыз адамды өлтірген күдікті туралы ақпарат таратты

Қазандағы мектепке шабуыл жасаған күдікті бұрын полиция мен әлеуметтік қызметтің есебінде тұрмаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Отбасында да қиындықтар байқалмаған. Бұл туралы Татарстандағы Бала құқығы жөніндегі өкіл хабарлады. Омбудсменнің айтуынша, әзірге күдіктінің ата-анасымен байланыс жасау мүмкін болмай тұр. Оқыған оқу орны да «салмақты, сыпайы, ұқыпты студент еді», деп мінездеме берген.

Бүгін Татарстан Республикасында қаралы күн жарияланған. Тұрғындар Қазан қаласындағы шабуыл жасалған мектепке гүл шоқтары мен ойыншықтар әкеліп жатыр. Мәскеудегі Татарстан өкілдігінде де тағзым ету орны құрылған. Ал Ресей билігі болса, білім ошақтарындағы күзетті күшейту керектігін айтып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, 11 мамырда Қазан қаласындағы мектептердің бірінде 19 жастағы жігіт оқ атып, салдарынан 9 адам қаза тапты. Олардың арасында 7 бала бар. Жарақат алған 21 адам ауруханаға жеткізілді. Қазіргі таңда күдікті ұсталып, қамауға алынды.