Бельгияда 9 маусымнан бастап қатаң карантин жеңілдейді

Бельгияда маусымның 9-ынан бастап қатаң карантин жеңілдей бастайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыған орай аймақтағы мейрамхана, кинотеатр мен концерттік залдар қайта ашылады. Алайда ондағы адам санына шектеу қойылып, әлеуметтік арақашықтық жіті қадағаланады. Бүгінде Бельгияда 3,5 млн-ға жуық бельгиялық азамат коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші дозасын қабылдаған. Бұл халықтың шамамен 40%-і. Сонымен қатар маусымда бассейн, спорт зал, сұлулық салондары да жұмысын жандандырады. Жабық ғимаратта өткізілген отбасылық іс-шараларға 100 адамнан артық жиналуға болмайды. Ал, ашық аспан астында ұйымдастырылған мерекеге 200-ге дейін мейман келе алады. Сонымен қатар таза ауада өткізетін спорттық додалардың да ұйымдастырылуына рұқсат беріледі. Ал, қашықтан жұмыс істеп жүрген қызметкерлер үшін аптасына бір рет кеңсеге келуге мүмкіндік бар. Естеріңізге салайық, Бельгиядағы қатаң карантин қараша айынан бастап жалғасып келеді.

Александр Де Кро, Бельгия премьер-министрі:

- Маусымның 9-ынан бастап мәдени, спорттық және өзге де іс-шаралардың ұйымдастырылуына рұқсат беріп отырмыз. Десе де, қауіпсіздік шаралар қатаң сақталу кердек. Ғимарат ішінде және стадионда маска тағу режимі сақталады. Карантиннің жеңілдеуі аймақтағы эпидемиологиялық ахуалға байланысты.  Егер жаз бойы ауруханалардағы жағдай қазіргідей жақсы болса, жеңілдіктер ары қарай жалғаса береді.