COVID-19: Үндістанда крематорийлер мәйіттерді өртеп үлгермей жатыр

Үндістанда коронавирустан 4 мыңнан аса адам қайтыс болды.

Індет бой бермей барады. Кешелі бері 348 мың адам ауруға шалдыққан.

Ең қиыны дәрі жетіспейді. Вакцина да аз. Ал крематорийлер мәйіттерді өртеп үлгермей жатыр. Оған да қолы жетпегендер марқұмдарды өзенге лақтырады.

Үндістанда ахуал әлі де күрделі. Ауруханаларда орын жоқ. Уақытша емханалар ашылғанымен, науқастардың дені сыртта емделуге мәжбүр. Ал бақилық боп жатқандардың көптігі сонша, крематорийлер олардың денесін өртеп үлгермей жатыр. 

Кумар, крематорий қызметкері:

– Өз басым күніне 50 мәйітке кремация жасаймын. Жұмысқа таңғы жетіде келіп, кешкі онға дейін осында боламын. Бірақ оннан кейін де крематорийге келіп жататындар бар.

Ал кремацияны қалтасы көтермейтіндер мәйіттерді өзенге тастай бастаған. Тақауда ғана Ганг өзенінен осындай жүздеген мәйіт табылды. Осы оқиғаға байланысты ел арасында дүрбелең туды. Себебі жұрт инфекция таралады деп қорқады.

Мангла Прасад Сингх, Газипур қаласының билік өкілі:

– Тақауда Ганг өзеніндегі жағдай жайлы естідік. Қазір осы оқиғаға қатысты полиция өкілдері тергеу жүргізіп жатыр. Мәйіттердің нақты саны әзірге белгісіз. Ол алдағы уақытта анықталады. 

Вакцинасы жоқ, дәрісі жоқ халық енді қайтсін?! Шарасыздан өз беттерінше аурудан айығудың амалын іздеп жаңа әдіске жүгінген. Ол сиыр көңімен байланысты. Науқас оны үстіне жақса, иммуниттеті көтеріліп, жай-күйі жақсарады-мыс.

Уддхав Дилип Бхатиа, теннис жаттықтырушысы:

– Аптасына бір рет осы рәсімді өткізіп тұрамын. Соның нәтижесінде көңілім көтеріліп, бойыма күш-қуат құйылғанын сезінемін. Қазір ештеңеден қорықпайтын күйге жеттім.

Бірақ дәрігерлер қидың құдіретіне күмәнмен қарайды. Мұндай әдістің пайдасынан гөрі зияны зор дейді олар.

Джа Джаялал, Үндістандағы медицина қауымдастығының президенті:

– Сиыр көңінің коронавирусқа қарсы ем ретінде қолдануға болатынын немесе иммунитет көтеретінін растайтын бірде-бір ғылыми дәлел жоқ. Керісінше, қимен байланысты түрлі тәжірибелер инфекциялық ауруларға әкелуі мүмкін. Азаматтар осыны түсінуі керек.

Қазір елдегі эпидахуалға тек жергілікті билік қана емес, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да алаңдаулы. Себебі коронавирустың үндістандық штамы ковидтің өзге түрлеріне қарағанда әлдеқайда тез тарайды. Сондықтан вакциналау қарқынын үдетуден басқа амал жоқ секілді.