Таяу Шығыста қарулы қақтығыс жалғасып, шиеленіс күшейді

Израиль әскерінің әуе шабуылынан қазірге дейін 43 палестиналық қаза тауып, 300-ге жуығы жарақат алды.

Марқұмдардың арасында оншақты бала мен әйел бар. Ал ХАМАС қозғалысының зымырандарынан Израильде 5 адам көз жұмған. Бүгін Израиль Газа секторындағы ХАМАС-тың тағы ондаған бекетіне соққы беріп, бірнеше әскери жетекшісінің көзін жойғанын мәлімдеді. Жалпы Израиль күштері соңғы бірнеше күнде қарулы топтардың 500-ден астам нысанын атқыласа, ХАМАС Израиль аумағына 1 мыңнан аса зымыран ұшырған. 

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

– Кешелі-бүгін біздің әскеріміз ХАМАС-тың Газа сеторындағы жүздеген нысанына соққы берді. ХАМАС зымырандық шабуылдар үшін әлі де еселеп жауап береді.

Ал ХАМАС жетекшілері мұндай әрекетке Израильдің Иерусалимде палестиналық шерушілерге күш қолдануынан кейін барғанын айтады. Және шаһардағы қасиетті орындарады қорғау үшін барлығына дайынбыз деп отыр.  

Исмаил Хания, ХАМАС қозғалысының жетекшісі:

– Егер Израиль шиеленісті қаласа біз оған дайынбыз. Егер одан бас тартамыз десе, оған да әзірміз. Бұл біздің осы қақтығысқа қатысы бар тараптардың бәріне арнаған жолдауымыз.

Айта кетейік, Таяу Шығыста жағдай өткен айдан ушыға бастаған. Оған алдымен Израиль сотының Иерусалимдегі Шейх-Джарах ауданынан палестиналықтарды көшіру туралы шешімі түрткі болды. Ал отқа майды өткен жексенбі күні еврейлердің 1967 жылы соғыста Израильдің Иерусалимнің шығыс бөлігіне бақылау орнатуына орай дәстүрлі шеру өткізуі құйды. Оның соңы палестиналықтардың еврей полициясымен қақтығысына ұласты. Жүздеген адам жарақат алды. Көп ұзамай ХАМАС Израиль аумағын зымырандармен атқылауға кірісті. Сарапшылар Израиль мен ХАМАС арасындағы қазіргі қақтығысты 2014 жылғы соғыстан кейінгі ең қанды ұрыс қимылдары деп жатыр. Халықаралық қауымдастық тараптарды қару қолдануды тоқтатуға шақырып жатыр.