Қазандағы мектепте қырғын салған күдікті 2 айға қамауға алынды

Қазан қаласының соты бұлтартпау шарасы ретінде мектепке шабуыл жасаған күдіктіні екі айға қамауға алды.

Шілде айының 11-іне дейін ол тергеу изоляторына қамалады.

Прокурордың айтуынша, сот отырысында Галявиев өз кінәсін толығымен мойындады. Қазір оған «екі және одан да көп адам өлтірді» деген баппен айып тағылып отыр.

Ақпарат көздерінің хабарлауынша, сот екі айдан кейін «өмір бойы бас бостандығынан айыру» деген жазаны қолдануы мүмкін. Ал сараптама Галявиевтың ақыл-есі дұрыс-дұрыс емесін 2 айдың ішінде анықтайтын болады. Әзірге оның психотроптық заттарды қабылдағаны жайында еш ақпарат жоқ. Ал Ресейдің Тергеу комититенің өкілі Светлана Петренко өткен жылы күдікті бірнеше рет дәрігерлерге барып, бас ауруына шағымданғанын айтып отыр.

Светлана Петренко, Ресейдің тергеу комитетінің ресми өкілі: 

- Күдікті наркологиялық және психиатриялық мекеменің есебінде тұрған жоқ. Өткен жылы ол басының қатты ауыратынын айтып, бірнеше рет дәрігерге шағымданған еді. Қазір мұны растайтын тиісті медициналық құжаттар қолда бар.