Францияда санитарлық төлқұжаттың екі түрі енгізіледі

Францияда санитарлық төлқұжаттың бірден екі түрі енгізіледі. Тиісті заң жобасын Ұлттық Ассамблея мақұлдады.

Бірақ талқылаулар қызу жүріп, депутаттар құжатты тек екінші оқылымда қабылдаған.

Айта кеткен жөн, келесі айда Еуроодақта санитарлық төлқұжаттар пайда болады. Ол тұрғындарға одаққа мүше елдер арасында емін-еркін шекара асуға мүмкіндік береді. Ал француз билігі одан бөлек тағы ішкі санитарлық төлқұжат енгізуге ниетті. Ол адам көп жиылатын қоғамдық орындарда талап етіледі.

Айта кетерлігі, санитарлық төлқұжат алу үшін коронавирусқа қарсы вакцина қабылдау міндетті емес. Ол індетпен ауырып шыққан не тесті теріс нәтиже көрсеткін тұрғындарға беріледі. Жалпы Франция билігі біртіндеп карантин талаптарын жеңілдетіп жатыр. Келесі аптада мұнда дүкендер, мұражайлар мен дәмханалардың жазғы алаңдары ашылады.  

Оливье Веран, Франция денсаулық сақтау министрі:

- Қауіпсіздік шаралары мен шектеулер санитарлық паспорттарды енгізген соң да міндетті болып қала береді. Депутаттар комиссиясы мұндай құжатты төтенше жағдайдан бөлек уақытта қолдануға тыйым салды. Жалпы санитарлық паспорт вакциналауды бақылау бойынша ең тиімді әдіс болып отыр. Әйтпесе мәдени және спорттық іс-шараларды өткізуге тыйымдар жалғаса береді.